Конституцияны тек құқықтық нормалар жинағы ретінде қабылдау жеткіліксіз. Оның шынайы мәні азаматтың күнделікті өмірінде көрінеді: сапалы білім алуға, еңбек етуге, медициналық көмекке жүгінуге, жеке өмірінің қорғалуына және өз құқықтарын заңды жолмен қорғауға мүмкіндік беретін кепілдіктерден байқалады. Яғни Ата Заң адам мен мемлекет арасындағы өзара жауапкершіліктің нақты негізін қалыптастырады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бүгінде бұл қағидалардың маңызы цифрлық ортада да артып отыр. Жеке деректердің қорғалуы, электрондық коммуникациялардың құпиялылығы және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі азаматтың құқықтық қауіпсіздігінің ажырамас бөлігіне айналды. Сондықтан Конституцияның мазмұнын түсіндіру – азаматтарға заң нормаларын таныстыру ғана емес, олардың өз құқықтарын тиімді пайдалану мәдениетін қалыптастыру.