Қазақстан Республикасының Конституциялық Сотында Бас редакторлар клубының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдары және мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен конституциялық сот төрелігі мен Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын іске асыру мәселелеріне арналған кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Оқыту тренингі барысында қатысушыларға Конституцияның негізгі жаңашылдықтары таныстырылып, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енген Ата Заңның басты өзгерістері, сондай-ақ жаңа құқықтық жағдайдағы Конституциялық Сот қызметінің ерекшеліктері түсіндірілді.

Конституциялық бақылау практикасына ерекше назар аударылды. Конституциялық Сот өкілдері Қазақстан Республикасының Конституциясына заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің сәйкестігін тексеру нәтижелері бойынша қабылданған нормативтік қаулылар мен шешімдер туралы баяндап, олардың құқық қолдану практикасының бірізділігін қамтамасыз етудегі және Конституцияның үстемдігін нығайтудағы маңызын түсіндірді.

Кездесу ашық диалог форматында өтіп, оның барысында қатысушылар конституциялық сот төрелігінің өзекті мәселелерін, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау тетіктерін, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттырудағы рөлін талқылады.