Астанада «Кітап оқитын ұлт» атты алғашқы республикалық кітап оқу марафонына тіркелу басталды. Жоба еліміздің барлық өңірінен қатысушылардың басын қосып, кітап оқуды насихаттауға және кітап мәдениетін дамытуға бағытталған ең ірі ұлттық бастамалардың біріне айналады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Марафон 2026 жылғы қыркүйектен 2027 жылғы сәуірге дейін қазақ және орыс тілдеріндегі екі лигада өтеді. Жоба 7 арнайы бағытты қамтиды:
• «Кітап оқитын мектеп» – 6-10 сынып оқушыларына арналған;
• «Кітап оқитын колледж» – колледж студенттеріне арналған;
• «Кітап оқитын университет» – жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған;
• «Кітап оқитын педагог» – мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушыларына арналған;
• «Кітап оқитын әулет» – отбасылық командаларға арналған;
• «Кітап оқитын мемлекеттік қызметші» – мемлекеттік қызметшілерге арналған;
• «Кітап оқитын зиялы қауым» – жасына және қызмет түріне шектеу қойылмайтын барлық азаматқа арналған.
Әр қатысушы өз бағыты бойынша арнайы жасақталған 330 шығармадан тұратын қордан (165 кітап қазақ тілінде және 165 кітап орыс тілінде) 15 кітап оқуы керек. Кітаптар тізіміне отандық авторлардың шығармалары, әлемдік классика және заманауи кітаптар енгізілген. Оларды іріктеу кезінде жалпыхалықтық дауыс беру қорытындысы бойынша «100 кітап» тізіміне енген шығармалар, сондай-ақ әдебиет саласындағы Нобель сыйлығының лауреаттары сияқты авторлардың шығармаларын қоса алғанда, әлемдік бестселлерлер де ескерілді.
Негізгі оқу кезеңі биыл қыркүйекте басталып, 2027 жылғы наурызға дейін жалғасады. Қатысушылар кітаптарды оқып, жеке кабинетінде қысқаша пікірлерін жариялайды.
2027 жылғы наурыз-сәуір айларында қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздер өтеді.
Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сыйлықтар беріледі:
• 1-орын – 600 000 теңге;
• 2-орын – 450 000 теңге;
• 3-орын – 300 000 теңге.
Барлық финалист дипломдармен және электронды сертификаттармен марапатталады.
Қатысу тәртібі, бағыттар бойынша ережелер мен кітаптар тізімі жобаның ресми сайтында жарияланған: www.reading-nation.kz.
Республикалық «Кітап оқитын ұлт» марафонын іске асыруға жобаның маңызды серіктестері қосылды. Қазақстан Жазушылар одағы, Креативті индустрияларды дамыту қоры, KITAP және «Яндекс Книги» цифрлық платформалары оқу мәдениетін дамытуға, заманауи әдеби бастамаларды қолдауға және оқырмандардың кітаппен өзара байланысуына жаңа мүмкіндіктер жасауға ықпал ететін болады. Жоба Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылады.