Астанада Халықаралық аудармашылар күніне орай «Қазіргі аударма: тіл, технология және жаңа талаптар» тақырыбында кәсіби кездесу өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған кездесуге ұлттық компаниялардың және түрлі салалардың кәсіби аудармашылары, редакторлар, филологтар мен тіл мамандары қатысты.
Кездесуде аударма саласына жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың ықпалы, қазақ тіліндегі аударманың сапасы және қазіргі мамандарға қойылатын кәсіби талаптар талқыланды.
«Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Рауан Кенжеханұлы кездесуді ашып, сала мамандарын Халықаралық аудармашылар күнімен құттықтады. Ол аударманың әлемдік білім мен мәдениетті қазақ тілінде қолжетімді етудегі, сондай-ақ қазақ халқының рухани мұрасын әлемге танытудағы маңызына тоқталды.
Ұлттық аударма бюросының аудармашы-редакторы, филология ғылымдарының кандидаты, PhD Гүлшат Түсіпова жасанды интеллектінің зерттеу үдерісіне енуі және оның аударма саласындағы жаңа мүмкіндіктері туралы баяндады.
Филолог, аудармашы, редактор, «Калькасыз қазақ тілі» жобасының авторы Назгүл Қожабек жасанды интеллект құралдары кеңінен қолданылып отырған кезеңде қазақша мәтіннің табиғилығын сақтау, тілдің өзіндік құрылымын ескеру және аударма сапасын қамтамасыз етудегі маманның рөліне тоқталды.
Disney және Amazon компанияларының сертификатталған аудармашысы, аударма сапасын бақылау маманы Нұрдәулет Затилла қазақша дубляж бен субтитрдің қазіргі жағдайы туралы айтты.
Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі, дипломат, шығыстанушы Михал Лабенда елшіліктің күнделікті қызметіндегі аударма тәжірибесімен бөлісті. Қазақ тілін жетік меңгерген дипломат аударманың халықаралық ортадағы практикалық қырларына назар аударды.
Практикалық бөлімде Назгүл Қожабек «Қазіргі аудармадағы грамматика мәселелері» тақырыбында воркшоп өткізіп, қатысушылармен аударма барысында кездесетін тілдік және грамматикалық мәселелерді талқылады.
Кәсіби кездесу аударма саласындағы өзекті мәселелерді талқылауға және мамандар арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді.