Астана күні қарсаңында елордада балалар мен жасөспірімдерге арналған «KIDS RUN» бұқаралық жүгіру іс-шарасы өтеді. Жарыс «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылмақ, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара 4 шілде күні қаланың Орталық саябағындағы шаңғы-роллер трассасында өтеді. Оның басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, балалар арасында бұқаралық спортты дамыту және жас ұрпақты дене шынықтырумен тұрақты түрде айналысуға ынталандыру.
Жүгіруге 6-15 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатыса алады. Қатысушылар жас ерекшеліктеріне қарай 300 метр, 500 метр және 1 шақырым қашықтықтарында бақ сынайды.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, қатысушылар саны 1000 адаммен шектеледі. Осыған байланысты онлайн тіркелу 1 шілде күні сағат 09:00-де басталып, белгіленген лимит толған сәтте автоматты түрде жабылады.
Жарыстың басталу уақыты – сағат 09:00. Тіркелген қатысушыларға арналған білезіктер іс-шара өтетін күні таңғы сағат 07:00-ден 08:30-ға дейін таратылады.
Айта кетейік, «KIDS RUN» балалар арасында дене белсенділігін арттыруға, спорт мәдениетін қалыптастыруға және белсенді өмір салтын дәріптеуге бағытталған.
Іс-шараны Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы және Спорттық-бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы ұйымдастырып отыр.
БАҚ өкілдері үшін түсірілім және қосымша ақпарат алу мәселелері бойынша:
Ардана Тел.: +7 705 950 4211