Кез келген реформаның тиімділігі – халық өміріндегі нақты нәтижесі

Кез келген реформаның тиімділігі – халық өміріндегі нақты нәтижесі
фото: жеке мұрағатынан

Қазақстан Республикасы Президентінің жыл сайынғы Қазақстан халқына Жолдауы ел дамуының стратегиялық басымдықтарын айқындап, экономиканы, білім беруді, денсаулық сақтауды, цифрландыруды, қоғамдық қауіпсіздікті және адами капиталды дамыту мәселелерін қамтиды.

Алайда кез келген реформаның тиімділігін айқындайтын басты өлшем – оның халық өміріндегі нақты нәтижесі. Бұл – отбасылардың әл-ауқатын арттыру, сапалы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, тең мүмкіндіктер қалыптастыру және әрбір азаматтың лайықты өмір сүруіне қажетті жағдай жасау.

Осы басымдықтар жүйесінде мемлекеттің әлеуметтік саясатына айрықша орын беріледі. Бұл тек өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтарға көмек көрсетумен шектелмейді. Сонымен қатар отбасын жүйелі қолдау, балалық шақты қорғау, инклюзивті білім беруді дамыту және әр адамның әлеуетін іске асыруына қажетті жағдайлар жасау мәселелерін де қамтиды.

Мемлекет басшысы айқындаған әлеуметтік көмек көрсету жүйесін реформалау тәсілі ерекше назар аударуды қажет етеді. Мемлекеттік қолдау атаулы, әділ әрі тиімді болуы, ал қабылданатын шешімдер азаматтардың нақты қажеттіліктеріне негізделуі тиіс. Цифрлық құралдар мен әлеуметтік көмек тағайындаудың жаңа тетіктерін кеңінен енгізбес бұрын оларды мұқият тексеру, тәжірибелік сынақтан өткізу және нәтижелерін бағалау маңызды. Жүйені жетілдіру шын мәнінде көмекке мұқтаж азаматтар үшін қосымша кедергілер туындатпауы қажет.

Жолдауда белгіленген маңызды әлеуметтік басымдықтардың қатарында мыналар бар:

🔹 Халық табысын арттыру. Белгіленген жоспарларға сәйкес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін арттыру шамамен 1,8 миллион адамды қамтуға тиіс.

🔹 Алғашқы медициналық-санитариялық көмекті дамыту. Учаскелік қызмет мамандарының үздіксіз еңбек өтілін ескере отырып, жалақысын арттыру, жалпы практика дәрігерлерінің өкілеттіктерін кеңейту және денсаулық сақтау жүйесінің бастапқы буынын нығайту көзделген.

🔹 Ана мен бала денсаулығын қорғау. Жаңа перинаталдық орталықтар мен көпбейінді балалар ауруханаларын салу жоспарланған. Бұл мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға бағытталған маңызды қадам.

🔹 Инклюзивті білім беру және балаларға ерте қолдау көрсету. Қажетті инфрақұрылымды дамыту, ерте диагностиканың қолжетімділігін қамтамасыз ету, білікті мамандар даярлау, сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың білім алуы мен дамуына қолайлы жағдай жасау мәселелеріне ерекше назар аудару қажет.

🔹 Педагогтердің құқықтарын қорғау және білім сапасын арттыру. Мұғалімдерді артық есептіліктен босату, бюрократиялық жүктемені азайту, сондай-ақ оларды қысым көрсету мен зорлық-зомбылықтан қорғау – педагогтердің кәсіби әлеуетін толық іске асыруының маңызды шарттары.

Аталған бағыттардың барлығы бір мақсатқа – адами капиталды дамытуға және қоғамның әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған.

Қазақстан Республикасы Парламенті Құрылтайының депутаты, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі ретінде әлеуметтік бастамаларды іске асыру үдерісінде ведомствоаралық үйлестіруді қамтамасыз ету, қабылданатын шешімдердің ашықтығын сақтау және олардың азаматтардың өміріне тигізетін нақты әсерін бағалау аса маңызды деп санаймын.

Әсіресе, жекелеген көмек шараларынан адам мен отбасын кешенді қолдау жүйесіне көшу қажет. Мұндай жүйе қажеттіліктерді ерте кезеңде анықтаудан бастап, кәсіби сүйемелдеу, оңалту, білім беру және әлеуметтік бейімдеу шараларына дейінгі барлық бағытты қамтуы тиіс.

Түптеп келгенде, мемлекеттік саясаттың тиімділігі тек экономикалық көрсеткіштермен ғана емес, оның нәтижелерінің әрбір отбасы, әрбір бала және қолдауға мұқтаж әрбір азамат үшін қаншалықты нақты әрі сезілетіндігімен өлшенеді.

Қуатты мемлекет дегеніміз – экономикалық даму әлеуметтік жауапкершілікпен ұштасатын, ал адам, оның қадір-қасиеті мен әл-ауқаты қабылданатын барлық шешімнің өзегінде тұратын мемлекет.

Зулфия Байсақова,

Құрылтай депутаты