Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлер мен елордалық Полиция департаментінің өкілдері кездесті. Жиында бизнес нысандарындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, оның ішінде ойын-сауық орындары мен сауда орталықтарындағы қауіпсіздік мәселелері талқыланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кәсіпкерлерге қауіпсіздік саласындағы заңнама талаптары және полиция органдарымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі түсіндірілді. Сондай-ақ ойын-сауық саласындағы нысандарды лицензиясы бар жеке күзет ұйымдарының күзетуін ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Бизнес нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету белгіленген талаптарды сақтаумен ғана шектелмейді. Құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін қажетті шараларды дер кезінде қабылдау да маңызды. Осыған байланысты кездесуде нысандардың жұмысын ұйымдастыру кезінде ескерілуі тиіс мәселелер талқыланды.
Кәсіпкерлер қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында туындайтын сұрақтарын полиция өкілдеріне тікелей қойып, тиісті жағдайларда қандай тәртіппен әрекет ету керектігі жөнінде түсініктеме алды.
Мұндай кездесулер кәсіпкерлерге заңнама талаптарын жақсы түсініп, оларды бизнес нысандарының жұмысын ұйымдастыру кезінде ескеруге мүмкіндік береді.