Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында «JOLTAP» жобасының маңызы туралы жазды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Үш жыл бұрын біз азаматтарға жаңа мамандықтарды тегін меңгеруге, өз кәсібін ашуға, жұмыс табуға және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алуға мүмкіндік жасайтын JOLTAP жобасын қолға алдық.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатқан бұл бастама осы уақыт ішінде білікті мамандар даярлауда өзінің жоғары тиімділігін көрсетті.
Жоба ашылғаннан бері 22 мың адам оқуын аяқтады. Бүгінде түлектердің 60%-ы жұмысқа орналасқан, 17%-ы фриланс форматында жұмыс істеп жүр, ал 2 мыңға жуық адам өзінің шағын кәсібін ашты.
JOLTAP жобасы аясында 30 авторлық бағдарлама әзірленді: 19-ы жұмысшы мамандықтарға (тігінші, наубайшы, электргазбен дәнекерлеуші, аяқ киім жөндеуші, жиһаз құрастырушы және т.б.), 11-і цифрлық бағыттарға (SMM, таргет, графикалық дизайн, мобилография, базалық цифрлық дағдылар және т.б.) арналған. Цифрлық курстардың маңызды ерекшелігі – ЖИ құралдарының енгізілуі.
Курстарда оқу толықтай тегін. Оқуға қатысу үшін «Баршаға мүмкіндік» мобильді пунктері, сондай-ақ аудан әкімдіктері мен елорданың Жұмыспен қамту басқармасының мансап орталықтары арқылы жазылуға болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жоба еліміздің барлық өңіріне тарайтын болады», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.