Астанада Қазақстандағы IT мамандарының еңбек нарығына арналған үшінші жыл сайынғы зерттеудің қорытындысы таныстырылды. Іс-шараға IT компаниялардың басшылары мен HR директорлары қатысып, саладағы өзекті үрдістерді талқылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
People Consulting компаниясы үшінші жыл қатарынан жүргізіп отырған зерттеуге биыл 24 компанияның деректері енгізілді. Талдау барысында 68 IT мамандығы бойынша 7 300-ден астам жалақы қарастырылған. Қатысушы компаниялардың жартысы жобаға алғаш рет қосылды.
Зерттеудің басты ерекшелігі – барлық мәлімет компаниялардың өзінен тікелей алынған. Яғни талдау бос жұмыс орындары немесе үміткерлер арасында жүргізілген сауалнамаларға емес, нақты төленетін жалақыға негізделген.
People Consulting компаниясының HR консалтинг бағытының серіктесі Александр Прокопенконың айтуынша, IT саласындағы жалақы өсіміне негізделген бәсеке біртіндеп бәсеңдеп келеді. Бүгінде мамандарды тартуда жалақыдан бұрын қызықты жобалар, заманауи технологиялар және инженерлік мәдениет маңызды бола бастаған.
«Бірнеше жыл бұрын компаниялар ең алдымен жалақы арқылы бәсекелесетін. Қазір мамандар қызықты жобаларға, жаңа технологияларға және кәсіби ортаға көбірек мән береді. Сонымен қатар зерттеу сирек кездесетін құзыреттері бар мамандардың сұранысы әлі де жоғары екенін көрсетті. Ал кең таралған бағыттар біртіндеп тұрақтанып, автоматтандыру кезеңіне өтіп жатыр», – деді Александр Прокопенко.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, жалақысы ең көп өскен мамандықтардың қатарында PHP әзірлеушілері, DevSecOps, ақпараттық қауіпсіздік мамандары және корпоративтік шешімдер архитекторлары бар.
Спикерлердің айтуынша, алдағы жылдары жасанды интеллект саласындағы барлық мамандардың емес, тәжірибесі мен біліктілігі жоғары сарапшылардың табысы арта береді. Себебі мұндай мамандар еңбек нарығында әлі де тапшы.
Sergek Group компаниясының HR директоры Жыпар Саттарова компанияда Vibe Coding тәсілінің грейдтеу және HR-аналитикада қалай қолданылып жатқанын айтып берді. Оның сөзінше, AI құралдары кадрлық шешімдерді қабылдау тәсілін едәуір өзгертіп жатыр.
«Грейдтеу жүйесіндегі ең күрделі кезең – қызметкерлерге деңгей беру емес, компаниядағы функциялар мен рөлдерді жан-жақты талдау. Бұрын бұл ұзақ уақытты, көптеген Excel кестелерін және қолмен жүргізілетін талдауды талап ететін. Қазір AI мен Vibe Coding функционалдық, семантикалық және ұйымдық талдауды әлдеқайда жылдам әрі терең жүргізуге мүмкіндік береді. Соның арқасында C&B мамандары тек грейдтеу жүйесін қалыптастырып қана қоймай, бизнеске нақты жағдайды көріп, басқарушылық шешімдерді дәл қабылдауға көмектеседі», – деді Жыпар Саттарова.
Кездесу барысында қатысушылар өңірлер арасындағы жалақы айырмашылығы біртіндеп азайып келе жатқанын да атап өтті. Сонымен қатар банк секторы, телеком және өнімдік IT компанияларындағы еңбекақы деңгейі бір-біріне жақындай түскені айтылды. Дегенмен әр саланың мамандарды тарту мен ұстап қалу стратегиясы әлі де өзіндік ерекшелігін сақтап отыр.