Адам ғұмыры – сан тарау жол мен сан қилы өткелден тұратын үлкен шежіре. Оның әр кезеңінде балалық шақ, ата-ана тәрбиесі, жастықтың жалынды уақыты, білімге ұмтылыс, отбасы жауапкершілігі, еңбек пен ізденіс, жеңіс пен сынақ қатар өріледі. Осындай бір ғибратты ғұмырдың тағылымын оқырманға ұсынған еңбек – педагогика ғылымдарының докторы, профессор Қазына Аймағамбетованың «Өмір өткелдері» атты кітабы.
Кітаптың алғашқы беттерінен-ақ шұрайлы тілі, табиғи баяндау мәнері, оқырманды өзіне баурап алатын шынайылығы байқалады. Балалық дәуренінен басталып, білім мен ғылымның биік белесіне дейін жалғасқан өмір жолы бір адамның өмірбаяны шеңберінде қалмай, тұтас бір дәуірдің тынысын танытатын тағылымды өнегеге айналған.
Туындыдағы ең әсерлі тұстардың бірі – автордың балалық шағы. Ауылдың қарапайым тіршілігі, ата мен әженің тәрбиесі, ата-ананың балаға деген мейірімі, мал жайғау, шаруашылыққа араласу, ши тарту, кірпіш құю, тезек ою секілді бүгінгі ұрпаққа беймәлім тұрмыс көріністері ерекше жылылықпен суреттеледі.
Автордың есеюі, ауылдан Алматыға алғаш келуі, үлкен өмірге қадам басқан кездегі толғанысы да әсерлі баяндалған. Қалыптасқан ауыл ортасынан үлкен қалаға келген жас қыздың көңіліндегі үміт пен толқу, белгісіздік алдындағы алаң оқырманды сол кезеңнің тынысына жетелейді. Студенттік жылдардағы оқиғалардан оның жастайынан қалыптасқан өр мінезін, еркін ойын, қайсарлығы мен қиындыққа мойымайтын табандылығын анық байқауға болады. Кейін ғылым жолындағы күрескерлік пен мақсатқа адалдықтың негізі де осы балалық пен жастық шақта қаланғандай әсер қалдырады. Отбасы тақырыбы да кітапта жан-жақты баяндалады.
«Өмір өткелдері» кітабындағы ең тағылымды бөліктің бірі – ғылым жолындағы ізденістер. Ғылым биігіне көтерілу ешқашан даңғыл жолмен келмейді. Оның артында үздіксіз ізденіс, табандылық, төзім, мақсатқа адалдық, өзіңе деген сенім, жылдар бойғы маңдай тер тұрады. Ұзақ жылдар бойы Қазақтың қыздар педагогика институтында кафедра меңгерушісі, факультет деканы қызметін атқарған Қазына Аймағамбетованың өмір жолы – осы қарапайым ақиқаттың нақты дәлелі.
Фатима ЖҰМАБЕКОВА,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының кандидаты