Тұңғыш қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры Тоқтар Әубәкіров 80 жасқа толды.
Тоқтар Әубәкіров бала кезінен авиацияға қызығып, мектеп қабырғасында аэроклубқа қатысқан. Орта мектепті тәмамдаған соң, Армавир жоғары әскери авиация училищесіне оқуға түсіп, әскери ұшқыш мамандығын игерді. 1975 жылы сынақшы-ұшқыштар құрамына қабылданып, 1976 жылдан бастап Мәскеудегі А.Микоян атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюрода қызмет етті. 1988 жылы Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағы тарихында алғаш рет әуеде екі мәрте жанармай құйып, Солтүстік полюске дейін ұшу тапсырмасын сәтті орындады. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ал 1989 жылы ол «МИГ-29К» палубалық жойғыш ұшағын авиакрейсерге қондырып, кейін сол кемеден қайтадан трамплин арқылы әуеге көтерілу операциясын әлемде алғаш болып жүзеге асырды. Авиация тарихындағы бұл бірегей жетістік оның есімін Гиннесстің рекордтар кітабына енгізді. 1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшып, қазақ халқының ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырды. Ол «Мир» орбита стансасында 7 тәулік 22 сағат 13 минут болып, ғылыми-зерттеу бағдарламасын табысты орындады.
Кешеден бастап елімізде Тоқтар Әубәкіровтің 80 жылдығына арналған іс-шаралар басталды.
Бас қаладағы Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында Халық қаһарманы, авиация генерал-майоры, Қазақстанның тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің 80 жасына арналған салтанатты іс-шара өтті. Оған Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысып, мерейтой иесін Мемлекет басшысының мерейтойлық хатымен құттықтады.
«Халқымыз өзіңізді әйгілі ғарышкер, көрнекті қоғам қайраткері, отансүйгіш азамат ретінде айрықша қадірлейді. Сіздің еңбек жолыңыз жарқын белестерден тұрады. Біраз жыл кәсіби ұшқыш болып, жаңа әскери ұшақтарды сынақтан өткізіп, ерен ерліктің үлгісін көрсете білдіңіз. Сіз зеңгір көкке көтерілген қазақтың тұңғыш ғарышкері атандыңыз. Еліміздің әлем алдындағы мәртебесін арттыруға, халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық аэроғарыш, қорғаныс өнеркәсібі салаларын дамытуға қосқан үлесіңіз өте мол. Парламент Мәжілісінің депутаты болған кезіңізде терең біліміңіз бен өмірлік тәжірибеңізді отандық заңнаманы жетілдіру ісіне арнадыңыз. Алдағы кезеңде еселі еңбегіңіздің жемісін көріп, ел-жұрттың сый-құрметіне бөлене беруіңізге тілектестігімді білдіремін. Сізге мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасыңызға бақ-береке тілеймін» делінген Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатында.
Сондай-ақ Премьер-министр 1 шілдеде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясы күшіне енгенін атап өтті. Аталған құжат әділетті мемлекет құру тұжырымдамасын бекітіп, еліміздің одан әрі даму бағдарын айқындайды.
«Бүгінде Президентіміздің «Әділетті Қазақстан» бастамасына әрдайым қолдау білдіріп, жаңа Конституцияда айқындалған ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісіне де аянбай атсалысып жүрсіз. Өйткені отаншылдық, әділдік, заң мен тәртіп, ерлік пен еңбекқорлық сияқты асыл қасиеттерді жастардың бойына сіңіруде Алаш жұртының адал перзенті, халқымыздың хас батыры ретінде Сіздің алатын орныңыз ерекше» деп атап өтті Олжас Бектенов.
Салтанатты іс-шараға аэроғарыш саласының, Қарулы күштер мен Генералдар кеңесінің өкілдері, сондай-ақ отандық және шетелдік ғарышкер-ұшқыштар, сынақшы-ұшқыштар, инженерлер мен конструкторлар қатысты. Қонақтар Тоқтар Әубәкіровтің өмір жолы, ұшқыштық және ғарышкерлік қызметіне арналған көрмені тамашалап, тұңғыш қазақ ғарышкерінің өнегелі ғұмыры туралы деректі фильмді көрді.
Мерекелік кеш концерт бағдарламасымен жалғасты. Қарулы күштердің Ұлттық әскери-патриоттық орталығының шығармашылық ұжымы орындаған патриоттық және лирикалық әндер көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар эстрада-симфония оркестрі, орталық ансамбльдің солистері мен «Ақсауыт» би тобы өнер көрсетіп, мерейтойлық кештің сәнін келтірді.