Астана күні қарсаңында Қаламгерлер аллеясында өткен «Есілдің ерке толқыны» поэзия кеші елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше рухани әсер сыйлады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кеш Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана филиалының ұйымдастыруымен өтті.

Әдеби-сазды кешке белгілі ақындар Ғалым Жайлыбай, Әбжан Әбілтай, Мұхарбек Жәкейұлы, Мақпал Мыса, Толқын Қабылша, Ұмтыл Зарыққан, Батырхан Сәрсенхан, Сәнді Ақылай, Асантемір Қаршығаұлы, Олжас Сәндібек, Айжан Тәбараққызы, Саян Есжан, Мәрлен Ғилымхан және өзге де қаламгерлер қатысып, туған жер, елдік, адам болмысы, махаббат тақырыптарымен қатар Астана күніне арналған жүрекжарды жырларын оқыды.

Кештің көркін өнерпаздар – сыбызғышы Шөкенов Темірлан Қанатұлы мен қобызшы Ғайса Тоғжан Ғайсақызының әсерлі музыкалық орындаулары аша түсті. Сонымен қатар «Еркін микрофон – Еркін жүрек» алаңында жырсүйер қауым өз шығармаларын оқып, кәсіби ақындармен бір сахнада өнер көрсету мүмкіндігіне ие болды.
Поэзия мен әуен үндескен бұл рухани кеш Астана күні мерекесінің мазмұнын байытып, ұлттық әдебиеттің өміршеңдігін тағы бір мәрте айқындады.