Астанаға келетін туристер саны артып, елорданың туристік әлеуеті нығайып келеді. 2026 жылдың алғашқы үш айында қалаға 352 мың турист келген, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 12%-ға көп. Оның 68 мыңы шетелдік қонақ болса, ірі халықаралық және іскерлік іс-шаралар да қалаға турист тартудың маңызды факторына айналып отыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
2026 жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша қонақ үйлер көрсеткен қызметтер көлемі өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 21%-ға артты.
Қала қонақтарының ыңғайлылығы үшін 129 жаяу жүргіншілер көрсеткіші және Visit Astana ресми туристік сайт-порталына бағыттайтын QR-кодтары бар 93 ақпараттық пилон орнатылды, ол жерден елорда, оның көрікті жерлері мен туристік нысандары туралы қажетті ақпарат алуға болады. Сондай-ақ 2 туристік-ақпараттық дүңгіршек және 5 Taxi Point терминалы жұмыс істейді.
Қаламен өзіндік танысу үшін 8 тілдегі аудиогидтермен жабдықталған 1 Red Bus экскурсиялық автобусы қатынайды.
Қазір елордада туристер бара алатын 100-ден астам нысан бар. Ал қала қонақтарына экскурсия өткізетін 140-тан астам кәсіби гид жұмыс істейді.
Қолжетімді туризмді дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Астанада 5 инклюзивті туристік маршрут әзірленді. Өткен жылы елорда ТМД елдері арасында Еуропалық қолжетімді туризм желісінің (ENAT) алғашқы мүшесі атанды.
Жыл сайын іскерлік және оқиғалық іс-шаралар санының тұрақты өсімі байқалады. 2026 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша өткізілген іс-шаралар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артқан (2025 жылдың 7 айында – 858 іс-шара өткізілсе, 2026 жылдың 7 айында бұл көрсеткіш 957-ге жетті).
Биыл елордада бірқатар ірі халықаралық іс-шаралар өткізілді. PGL Astana 2026 турниріне шамамен 25 мың адам қатысты, ал турнирдің онлайн-аудиториясы 50 миллион көрерменнен асты.
Comic Con Astana 2026 іс-шарасына шамамен 76 мың адам қатысты, оның ішінде 12 мыңға жуығы – турист.
Сонымен қатар, іскерлік және оқиғалық туризм бағыты да белсенді түрде дамып келеді. Automechanika Astana көрмесіне 15 мыңнан астам адам қатысып, оған 45-тен астам елдің өкілдері қатысты. Ал Eurasian Book Fair халықаралық кітап көрмесіне 15 елдің өкілдері қатысты.