Бүгінгі мемлекеттік мереке - Астана күнінде менің де елордамызбен байланысты айтар естеліктерім бар. Биыл отбасыммен Астанаға көшіп келгеніме тура 20 жыл болды. Осы аралықта бас қаламыз гүлденіп, қарыштап дамығаны сондай, ол кез бен бүгінгі күндегі айырмашылығы жер мен көктей болып өзгерді.
Өзім де осы жиырма жылда Астанамен бірге өстім, дамыдым. Жас маман болып келіп, банкте қызмет еттім. Оның әрбір жетістігі, қалада жүзеге асырылған сан түрлі жобалар, елорданың әрбір белесіне өзім куә болдым, әрі оның дамуына үлесімді де қостым. Кәсібім алға басты. Ұлым осында мектеп бітіріп, білім алып, әскерге де осы қаладан барып, бүгінде Астанада еңбек етуде.
Қазіргі Астана - әлемнің бас қалаларының қатарында жоғары беделге ие болған қала. Бұл қала тек жұмыс іздеп, мансабы өскен жандардың ғана емес, бір бірімен ниеттес, рухы бір адамдардың да басын қосады. Бүгінгі Астананың урбанистикасы керемет даму үстінде, әлеуметтік салалар да назардан тыс қалмай, қаншама мектептер, балабақшалар мен денсаулық сақтау мекемелері салынуда. Білім саласында елорда түлектері ең озық нәтижелер көрсетіп, Астанадағы білім сапасының биік деңгейін растауда. Мәдениет саласы тіптен өркендей түсті, Астана - нағыз мәдени оқиғалар орталығына айналды десек болады. Елорда әр өңірдің мәдениетін, ұлттық құндылықтарын танытып, жастарға насихаттауда қашанда алда.
Астанада цифрландыру саласында ауқымды жұмыстар жүргізіліп, ЖИ жетістіктері әр салаға енгізілуде. Қаланы көгалдандыру, абаттандыру, жарықтандыру, сумен қамту, басқа да сан салалары тоқтаусыз дамуда. Осындай қаламыздың бүгінгі туған күнінде барша елордалықтарды мерекемен құттықтап, Астанамыздың одан әрі гүлдене беруі үшін адал еңбек ете беруге шақырамын.
Мадина Әжікенова,
Астана қаласы мәслихатының депутаты