Елордалық триатлоншылар Азия чемпионатында жүлделі орындарға ие болды

Елордалық триатлоншылар Азия чемпионатында жүлделі орындарға ие болды
фото: Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Қытай Халық Республикасының Сюйчжоу қаласында триатлоннан Азия чемпионаты өтті. Құрлықтық додаға Азияның 20 елінен 185 спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Чемпионат аясында спортшылар ересектер, жасөспірімдер және 15 жасқа дейінгі жас санаттары бойынша «суперспринт» бағдарламасында бақ сынады.

Аталған жарыста Астана қаласының спортшылары жоғары нәтиже көрсетіп, ел қоржынына жүлделер салды.

Атап айтқанда, елордалық спортшы Рамазан Айнегов U17 жас санатында Азия чемпионы атанды. Ол «суперспринт» бағдарламасында 00:25:49 уақыт көрсеткішімен мәреге бірінші болып жетіп, құрлық біріншілігінің алтын медалін жеңіп алды.

Сонымен қатар U17 жас санатындағы аралас командалық эстафетада Қазақстан құрамасы күміс жүлдеге ие болды. Құрама сапында ел намысын қорғаған Астана қаласының спортшысы Алуа Нұрмұхамет те жарысты жоғары деңгейде өткізіп, команданың жүлделі орын алуына өз үлесін қосты.