Елордалық студенттер «Анкара лебі: түрік әлемінің 2026 жылғы туризм астанасы» дизайн байқауында топ жарды

Елордалық студенттер «Анкара лебі: түрік әлемінің 2026 жылғы туризм астанасы» дизайн байқауында топ жарды

Астана қаласындағы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығы мен Қ.Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің бірлесіп ұйымдастыруымен «Анкара лебі: түрік әлемінің 2026 жылғы туризм астанасы» атты дизайн байқауының қорытынды кеші өтті. Аталған іс-шара  Анкара қаласының мәдени мұрасы мен туристік әлеуетін жас дизайнерлердің шығармашылық көзқарасы арқылы танытуға бағытталған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Байқаудың басты мақсаты – графикалық дизайн және сәулеттік дизайн салаларында білім алып жатқан жастардың шығармашылық әлеуетін арттыру, олардың заманауи дизайн құралдары арқылы түркі әлемінің ортақ мәдени мұрасын жаңаша пайымдауына мүмкіндік жасау. Сонымен қатар бұл жоба Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды одан әрі нығайтуға ықпал етеді.

 

Кез келген мемлекеттің астанасы сол елдің сәулеті мен дизайн мәдениетінің ең биік деңгейін көрсетеді. Бұл тұрғыда Қазақстан Республикасының елордасы Астана мен Түркия Республикасының астанасы Анкара қалалары ерекше назар аудартады. Анкара өзінің ғасырлар бойы қалыптасқан тарихи-мәдени мұрасымен және заманауи қала келбетімен ерекшеленсе, Астана инновациялық урбанистік шешімдері мен батыл сәулеттік жобаларымен әлемдік деңгейде танылып отыр. Екі астана да ұлттық болмысты, даму бағытын және болашаққа деген стратегиялық көзқарасты айқын көрсететін маңызды орталықтар саналады.

 

Байқау барысында жас дизайнерлер Анкара қаласының тарихи және мәдени құндылықтарын Түркі әлемінің ортақ мұрасымен үйлестірген бірегей жобаларын ұсынды. Қатысушылар мәдени байлықты заманауи дизайн қағидаттары негізінде жаңаша зерделеп, шығармашылық тұрғыдан қайта пайымдауға талпыныс жасады.Іс-шараға Түркия Республикасының Астана қаласындағы Елшілігінің консулы Еркін Семих Өзтүрк, Түркия Республикасының Астана қаласындағы Елшілігінің Мәдениет және таныту жөніндегі кеңесшісі Зүлфи Томан, Түркия Республикасының Астана қаласындағы Елшілігінің Баспасөз және коммуникациялар жөніндегі кеңесшісі Хасан Күчүккандемир, Құлажанов атындағы Қазақ технология және бизнес университетінің Технология факультетінің деканы, профессор Жанар Сафуани, Түрік әуе жолдары (THY) әуе компаниясының өкілі Жансая Өтесбай, AYDA компаниясының басшылығы атынан Месут Зафер Сары, Terras restaurant басшылығы атынан Хикмет Аталай, қазылар алқасының мүшелері, ғалымдар, оқытушылар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.

       -Бұл бірлескен жоба - бауырлас Қазақстан мен Түркия елдері арасындағы рухани алтын көпірдің, мәдени және достық байланысымыздың жарқын көрінісі. Біз бұл ынтымақтастықты тек осы конкурспен шектеп қалмай, алдағы уақытта да бірлескен ғылыми-шығармашылық жобалар, халықаралық тағылымдамалар мен жаңа бастамалар аясында ауқымды түрде бірге жұмыс істеуді жалғастыратынымызға сенімдімін. Байқаудың біз үшін басты кәсіби ерекшелігі - мұнда ұсынылған «Дизайн» мамандығының барлық жобалары ешқандай компьютерлік графикасыз және жасанды интеллектісіз орындалды. Бұл бүгінгі цифрлық заманда біздің студенттердің шынайы академиялық дайындығы мен жоғары қолөнер шеберлігінің тікелей дәлелі,- деді профессор Жанар Сафуани.

Бағдарлама аясында финалға жолдама алған студенттер өздерінің дизайн жобаларын көпшілік назарына ұсынды. Қазылар алқасы ұсынылған жұмыстарды креативтілік, көркемдік шешім, мәдени мазмұн және практикалық маңыздылығы тұрғысынан бағалады.

 

Байқау қорытындысы бойынша үздік үш дизайн жобасы анықталды. Халықаралық қазылар алқасының шешімімен байқауда графикалық дизайн бойынша бірінші орынды аталған оқу орнының студенті Күндана Казиева, ал сәулеттік дизайн бойынша тағы бір студент Любовь Моисенко иеленді. Жеңімпаздарға Түркияға ұшақ билеті, кешкі ас сертификаты және құлаққап секілді бағалы сыйлықтар табысталды.

«Анкара лебі: түрік әлемінің 2026 жылғы туризм астанасы» байқауы жас буынның шығармашылық әлеуетін дамытуға ғана емес, сонымен қатар Түрік әлемінің ортақ тарихи-мәдени құндылықтарын жаңа буынның көзқарасы арқылы дәріптеуге арналған маңызды мәдени алаң ретінде бағаланады. Бұл бастама жастар арасында дизайн мәдениетін дамытуға, эстетикалық талғамды қалыптастыруға және халықаралық мәдени ынтымақтастықты тереңдетуге септік етеді.