Елордалық спортшылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алды

Елордалық спортшылар Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Алматы қаласындағы Орталық ипподромда бәйге түрлерінен Қазақстан чемпионатының іріктеу кезеңі өтті. Аталған чемпионатта елордалық спортшылар жорға жарыстан 9 шақырымдық қашықтықта сынға түсіп, бірінші және екінші орындарды иеленді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тартысты бәсекеде «Экспресс Лок» атты сәйгүлік мәре сызығын бірінші болып кесіп, алтын жүлдеге қол жеткізсе, «Каратал» екінші орынға тұрақтап, күміс жүлдені еншіледі. Жалпы жорға жарысқа тоғызға жуық спортшы қатысты.

Жарыста 13 жастағы жас шабандоздың өнері де ерекше назар аудартты. Команда сапына жақында ғана қосылғанына қарамастан, ол алғашқы жарыстарының бірінде-ақ сәтті өнер көрсетіп, екінші орыннан көрінді.

Жаттықтырушы әрі чемпион Алия Тоқтасынованың айтуынша, бұл жарыс команда үшін ерекше маңызға ие болды. Себебі чемпионат Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына іріктеу кезеңі саналады.

«Бұл біз үшін аса маңызды жарыс болды. 9 шақырымдық қашықтықта сынға түсіп, бірінші және екінші орындарды иелендік. Әсіресе, 13 жастағы жас шабандозымыздың нәтижесі қуантады. Ол командамызға жақында ғана қосылғанына қарамастан, жақсы нәтиже көрсетті. Осы жетістіктің арқасында Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына жолдама алдық. Ендігі басты мақсатымыз – тыңғылықты дайындалып, алдағы додада Астана мен Қазақстанның намысын абыроймен қорғау», – деді Алия Тоқтасынова.

Елордалық спортшылардың келесі жарысы 29 тамызда Алматыдағы Nomad Arena ипподромында өтеді. Онда команда жорға жарыстан 5 шақырымдық қашықтықта бақ сынайды.

Алматыдағы жарыстан кейін команда Қырғызстанға аттанып, 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады. Байрақты бәсекеде елордалық спортшылар жорға жарыстан 11 шақырымдық қашықтықта сынға түседі.