Елордалық Кәсіпкерлер палатасы мен Астана көлік прокуратурасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды

Елордалық Кәсіпкерлер палатасы мен Астана көлік прокуратурасы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
фото: atameken.kz

Елордалық Кәсіпкерлер палатасы мен Астана көлік прокуратурасы кәсіпкерлік және инвестициялық қызметті қолдау, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және елордада кәсіпкерлік жүргізуге қолайлы жағдай жасау мақсатында өзара ынтымақтастық және өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Құжатқа қол қою мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктерін одан әрі дамытуға бағытталған кезекті қадам болды.

Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының директоры Қанат Әлин кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу және әкімшілік кедергілерді жою Палата қызметінің басым бағыттары болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, Палата алаңында бизнестің жүйелі мәселелері тұрақты түрде қаралып, прокуратура органдарымен, мемлекеттік қызмет істері жөніндегі уәкілетті органмен, Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен және жергілікті атқарушы органдармен кездесулер өткізіледі. Мұндай өзара іс-қимыл кәсіпкерлердің өтініштеріне жедел ден қоюға және өзекті мәселелер бойынша бірлескен шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.

Меморандум аясында тараптар кәсіпкерлік қызметті жүргізу жағдайларын жетілдіру, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, әкімшілік кедергілерді анықтау және жою, бизнес пен мемлекеттік органдар арасындағы сындарлы диалогты дамыту, сондай-ақ бірлескен іс-шаралар ұйымдастыру және іскерлік ахуалды жақсарту жөніндегі ұсыныстарды әзірлеу бағытындағы жұмысты жалғастырады.

Өз кезегінде Астана көлік прокуратурасы өз құзыреті шегінде кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға жәрдемдеседі, өзекті мәселелер мен әкімшілік кедергілерді қарауға қолдау көрсетеді, сондай-ақ ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Меморандумды іске асыру мемлекеттік органдар мен бизнес-қоғамдастық арасындағы өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруға, бизнесті дамытуға жағдай жасауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға және Астана қаласы кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғауды күшейтуге ықпал етеді.