Астанада Музыкалық жас көрермен театрында Жәнібек Әлікеннің «Үнсіздік» атты перфоманс бағытындағы қойылымы қойылды. Осы перфоманстың актеры Еламан Иманбаев қойылымның қоғамға айтар ойы мен мақсаты туралы айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Бұл перфоманс қоғамдағы проблемаларды үнсіздікпен шеше алмайтынымызды көрсетеді. Қоғамның ащы шындығы, спектакльдегі персонаждар шынайы өмірде біз көре тұра мән бермейтін адамдар бар екенін көрсетеді. Мен бұл спектакльде – Диван батырын бейнелеймін. Өзінің таяз ойын барша көретін оқырмандарына жазып отыратын надандау блогерді сомдаймын. Бірақ оның да айтатын ащы шындығы бар. Осының бәрін комедиялық әзіл-сықақпен жеткіземіз. Жалпы спектакльдің үлкен айтар ойы бар» , - деді ол.
Актердың сөзінше, үнсіздік дегеніміз - дыбыстар естілмейтін кеңістік, адам санасының түкпіріне орныққан тып-тыныш ұғым болса да, қойылымдағы «Үнсіздік» түсінігі - керісінше, үнсіздіктің ар жағында тұрған адам санасындағы көзқарастар мен ұстанымдар, өмірдің шынайы келбеті, бүгінгі қоғамның бет-бейнесіндегі өзгерістер.
«Рухани құндылықтар жоғалған кезде өркениет қоғамнан алыстайды. Кез келген адамның жан-сарайының төрінде шындық пен адалдық, ар мен әділет, мөлдірлік пен рух тазалығы салтанат құруы тиіс. Жаңа драма заңдылықтары негізінде жазылып, перфоманс бағытында сахналанған туындыда сөз бен музыка үйлесім тауып, кейіпкерлер - табиғат пен адам, қоғам мен адам арасындағы үндестікті іздеуге шақырады» , - дейді ол.