Астанада мұнаралы крандарды пайдалану кезінде орын алған апаттардан кейін өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын қадағалау күшейтіледі. ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің бастамасымен «Атамекен» ҰКП Өңірлік кәсіпкерлер палатасында мұнаралы крандарды қауіпсіз пайдалану мәселелеріне арналған жиын өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға ҚР ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің, Астана қаласы ТЖД, Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының, Еңбек және әлеуметтік қорғау комитеті департаментінің, қалалық прокуратураның, «Атамекен» ӨКП өкілдері, сондай-ақ мұнаралы крандарды эксплуатациялайтын ұйымдардың басшылары қатысты. Жиында жүк көтергіш құрылғыларды қауіпсіз пайдалану, мұнаралы крандардың техникалық жағдайы, оларды құрастыру мен қолданудағы талаптардың сақталуы, сондай-ақ куәландыру мен өндірістік бақылауды ұйымдастыру барысы талқыланды.
Апаттардың алдын алу мен мекемеаралық ықпалдастықты нығайтуға ерекше басымдық берілді. Тексеру шаралары аясында елордадағы 349 мұнаралы кранды назарға алу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 94-і тексеруден өтті. Нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының өрескел бұзылғаны анықталды. Жіберілген кемшіліктер үшін жауапты тұлғаларға әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынды. Ал екі мұнаралы кранның жұмысы олқылықтар толық жойылғанға дейін уақытша тоқтатылды.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті бақылауды күшейтудегі басты мақсат — төтенше жағдайларға жол бермеу, техниканың қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету және жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғау екенін жеткізді. Кеңес соңында қатысушылар заңбұзушылықтарды жою бағытындағы бірлескен жұмысты жалғастыруға және мемлекет пен бизнес арасындағы әріптестікті нығайтуға уағдаласты.