Елордада есірткі сақтаған екі күдікті ұсталды

Елордада есірткі сақтаған екі күдікті ұсталды
фото: polisia.kz

Елордада "Қарасора" жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында полиция есірткі заттарын сақтады деген күдікке ілінген ер адам мен әйелді анықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Пәтерді тексеру барысында полицейлер тыйым салынған затты анықтады. Ақ түсті ұнтақ тәрізді зат салынған түйіншектер пәтердің әр жерінен, атап айтқанда, асүйдегі табақтың үстінен, ваннаның астынан және басқа да орындардан табылған. Заттың бір бөлігі жеке түйіншектерге бөлініп салынған.

Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген зат – мефедрон. Анықталған заттардың барлығы тәркіленіп, аталған факті тіркелді. Сонымен қатар ер адам мен әйелдің есірткі заттарын қолданғаны анықталды. Осы факті бойынша екеуі де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды. Полиция есірткі заттарын сақтау мен өткізудің заңда белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.