Елордада бірінші сыныпқа ерекше білім беру қажеттіліктері бар 1,5 мыңға жуық бала барды

Елордада бірінші сыныпқа ерекше білім беру қажеттіліктері бар 1,5 мыңға жуық бала барды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада жаңа 2026-2027 оқу жылында бірінші сыныпқа ерекше білім беру қажеттіліктері бар 1,5 мыңға жуық бала қабылданды,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Биыл елордадағы 206 орта білім беру ұйымында 337 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. 33 мыңға жуық бала биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттады.

Астанада инклюзивті білім беруді дамыту және ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін қолжетімді орта қалыптастыру бағытындағы жұмыс жалғасып жатыр. Орта білім беру деңгейінде 5 мыңнан астам бала инклюзивті оқытумен қамтылған.

Бүгінде елорда мектептерінде инклюзияны қолдауға арналған 98 кабинет жұмыс істейді. Биыл тағы 20 осындай кабинетті ашу жоспарланып отыр.
Бұл кабинеттерде балаларға қажетті психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетіліп, олардың жеке қажеттіліктерін ескере отырып білім алуына жағдай жасалады.

Инклюзивті ортаны дамыту балалардың қатарластарымен бірге білім алуына және қажетті қолдауды тікелей мектептен алуына мүмкіндік береді.
Жаңа оқу жылына дайындық барысында барлық оқушыға қауіпсіз әрі қолайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінді. Атап айтқанда, елордадағы 38 білім беру ұйымында жөндеу жүргізілді.

Астанада инклюзивті білім беруді дамыту жұмыстары жалғасып жатыр. Негізгі мақсат – ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға сапалы білім алуда тең мүмкіндік беріп, олардың толыққанды білім алып, дамуына қолайлы жағдай жасау.