Астанада балалардың көпқабатты үйлердің терезелерінен құлау деректері көбейген. 2025 жылдың басынан бері 52 оқиға тіркеліп, 39 бала түрлі жарақат алып, 13 бала қаза тапқан. Мамандардың айтуынша, қайғылы жағдайлардың негізгі себебі - терезелерге қорғаныс торлары мен блокираторлардың орнатылмауы және балалардың қараусыз қалуы. Көп жағдайда бүлдіршіндер үйде ересектердің қарауынсыз немесе үлкен жастағы балалардың бақылауында қалады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Бұл туралы Астана қаласы коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды. Брифингке спикерлер ретінде Астана қаласы Төтенше Жағдайлар Департаменті бастығының орынбасары Қанат Алтынбеков, Астана қаласындағы “№2 Көпсалалы қалалық балалар ауруханасы” ШЖҚ МКК медициналық бөлім жөніндегі директордың орынбасары Динат Көжекенов, Астана қаласы Полиция департаменті Сарыарқа ауданы ПБ бастығының орынбасары полиция подполковнигі Қайрат Тілепов қатысты.
-Қазақстан заңнамасына сәйкес, балаларды қараусыз қалдырғаны үшін ата-аналар мен заңды өкілдер әкімшілік және қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Сондықтан жауапты органдар ата-аналарды балалардың қауіпсіздігіне немқұрайлы қарамауға шақырады. Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін Астана қаласының Төтенше жағдайлар департаменті, Ювеналды полиция, МИБ төрағалары және еріктілер бірлесіп, ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Қазірдің өзінде 326-дан астам көппәтерлі тұрғын үй қамтылып, 6 330-дан астам жадынама кіреберістер мен лифтілерде орналастырылған. 23 мыңнан астам тұрғын қауіпсіздік ережелерімен таныстырылған, - деді Қайрат Тілепов.
Балалардың жарақат алуын болдырмау тақырыбында 142 мектепте 5 360 оқушыға дәрістер, 116 балабақшада сабақтар өткізілді. Ақпараттық жадынамалар ата-аналар чаттары, МИБ және ПИК топтары арқылы да таратылуда. Сонымен қатар, қаладағы кинотеатрлар, LED және SMART-экрандар, тұрғын үй лифтілері, автобустар мен аялдамаларда бейнероликтер тұрақты көрсетіліп жатыр. Дәрігерлердің айтуынша, жаз мезгілінде балалар жарақаты күрт артады.
-Қазірдің өзінде №2 қалалық балалар ауруханасының травматология пунктіне тәулігіне шамамен 400 бала жүгінеді. Мұндай жүктеме медициналық көмектің сапасына әсер етуі мүмкін, сондықтан қалада қосымша балалар травматологиялық пунктін ашу мәселесі көтерілуі тиіс. 8 сәуірде сағат 22:10 шамасында «102» арнасына 15-қабаттан құлаған баланың жансақтау бөліміне жеткізілгені туралы хабар түскен. Дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан, бала алған ауыр жарақаттарынан көз жұмды. Тергеу деректеріне сәйкес, қайғылы сәтте бүлдіршін ас үйде ағасымен ойнап жүрген, ал ересектер басқа бөлмеде болған, - деді Динат Көжекенов.
27 наурызда сағат 16:32-де тағы бір оқиға тіркелді. 2-қабаттағы балконнан құлаған балаға көршілер жедел жәрдем шақырған. Анықталғандай, анасы жақын маңдағы банкоматқа кетіп, балаларды үйде жалғыз қалдырған.
-Қауіпсіздік ережелерін еске салсақ, үйде бала болғанда терезені ашық қалдырмаңыз, пластикалық терезелерді кішкентай балалардың өзі аша алатынын есте сақтаңыз, москит торы қауіпсіздік құралы емес - ол тек жәндіктерден қорғайды, баланы терезе алдына шығуға немесе терезе тақтасына отыруға үйретпеңіз. Төтенше жағдайлар қызметі ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмауды, терезелерге қауіпсіздік блокираторларын орнатуды және баланың ашық терезеге немесе балконға шығуына жол бермеуді қатаң ескертеді, - деді Қанат Алтынбеков.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 127-бабына сәйкес, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Мұндай істер сотқа жіберіледі. Балалар қауіпсіздігі - тек мемлекеттік органдардың ғана емес, ең алдымен әр ата-ананың жауапкершілігі. Бір сәттік немқұрайлық орны толмас қайғыға әкелуі мүмкін.