5 қыркүйекте әлемде Халықаралық қайырымдылық күні аталып өтеді. Қазақстанда да мейірімділік пен өзара көмек құндылықтарын дәріптейтін ерекше күн бар. 15 наурызда Наурызнама онкүндігі аясында Қайырымдылық күні атап өтіледі. Елордада бұл құндылықтар күнделікті тұрмыстық көмектен бастап, ірі халықаралық іс-шараларды ұйымдастыруға дейінгі көптеген бағытта көрініс тауып келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz kznews.kz сайтына сілтеме жасап.
Астанада қайырымдылық пен риясыз көмектің негізгі қозғаушы күштерінің біріне волонтерлер айналды. Мегаполистің қарбалас тіршілігіне қарамастан, еріктілер қозғалысына қосылатын тұрғындар саны артып келеді. Егер бұрын волонтерлердің басым бөлігін студенттер құраса, бүгінде бұл іске мектеп оқушылары мен қалалық кәсіпорындардың қызметкерлері де белсенді араласады.
«Астана жастары» жастар ресурстық орталығының волонтерлік қозғалысты дамыту бөлімінің басшысы, Астана қалалық волонтерлер штабы басшысының орынбасары Эльвира Есмұханованың айтуынша, еліміздегі волонтерлік қозғалыстың дамуы халықаралық деңгейдегі бастамалармен де сабақтасып жатыр.
2020 жыл Қазақстанда Волонтер жылы болып жарияланған еді. Ал 2026 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы мен 60-тан астам мемлекет Тұрақты даму мақсатындағы халықаралық еріктілер жылын өткізу бастамасын қолдады. Бұл Қазақстанда волонтерлік қозғалыс ішкі азаматтық бастамалар аясынан шығып, жаһандық ынтымақтастықтың бір бөлігіне айналып келе жатқанын көрсетеді.

– Бүгінде волонтерлік тек студент жастардың қозғалысы емес. Оған мектеп оқушылары, қала кәсіпорындарының қызметкерлері және түрлі сала өкілдері белсенді қосылып жатыр. Қазақстандағы волонтерлік тақырыбының халықаралық деңгейге шығуы да маңызды. Бұл еліміздің қоғам ішіндегі азаматтық сұраныстарға жауап беріп қана қоймай, осы бағыттағы жаһандық ынтымақтастықты дамытуға белсенді атсалысып отырғанын көрсетеді, – дейді Эльвира Есмұханова.
Елорда волонтерлерінің атқаратын жұмысы бір ғана бағытпен шектелмейді. Олар із-түзсіз жоғалған адамдарды іздеуге, төтенше жағдайлардың салдарын жоюға, мәдени және спорттық іс-шараларды ұйымдастыруға көмектеседі.
Қалалық волонтерлер штабының жұмысы «BizBirgemiz», «Қауіпсіз қала», «Қамқорлық мекенжайлары», «Ардагерлерді ардақтайық», «Taza Alem», «Stop Vandal» және «Игі істер марафоны» жобалары аясында жүргізіледі.
Еріктілер тұрғындарға жол қозғалысы ережелерін сақтау, жылыту маусымындағы қауіпсіздік және көктемгі су тасқыны кезінде сақтық шараларын ұстану жөнінде тұрақты түрде ақпарат береді. Сондай-ақ тыйым салынған заттардың жарнамасын бояп өшіруге атсалысып, қоғамдық мүлікке ұқыпты қарау мәдениетін насихаттайды.
Бұл жұмыстарға «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы аясында елорда кәсіпорындары мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері де белсенді қосылып келеді.
Волонтер жұмысының ауқымын күнделікті мысалдардан да көруге болады. Бүгін ерікті зейнеткердің ауласындағы қарды тазалауға көмектессе, ертең халықаралық іс-шарада шетелдік қонақтардың қозғалысын үйлестіріп жүруі мүмкін.
Астананың елорда мәртебесі қалалық волонтерлер корпусына ерекше міндет жүктейді. «Астана жастары» белсенділерінің өзі жыл сайын 150-ден астам іс-шараға қатысады. Олардың арасында халықаралық спорт жарыстары мен мемлекет басшылары қатысатын саммиттер де бар.
Мұндай ауқымды іс-шараларда волонтерлер логистиканы үйлестіруге, спортшыларға көмектесуге, ресми делегацияларды сүйемелдеуге және қонақтарды қажетті орындарға бағыттауға атсалысады.
– Халықаралық деңгейдегі іс-шараларға қатысу – тек мәртебе емес, үлкен жауапкершілік. Кейде волонтерлер ұйымдастырушылық қиындықтарға тап болады. Ұйымдастыру комитеті тарапынан нақты нұсқаулықтардың болмауы, еріктілерден толық дербестік күту немесе іс-шараға қажетті адам санын шамадан тыс белгілеу секілді мәселелер кездеседі. Соған қарамастан, елордалық жастар тосын жағдайларға тез бейімделіп, өздерінің жоғары дайындығын іс жүзінде көрсетіп жүр. Олардың жұмысы Қазақстанның халықаралық аренадағы жағымды имиджін қалыптастыруға да ықпал етеді, – дейді қалалық волонтерлер штабы басшысының орынбасары.
Осылайша елордалық волонтерлер Астананың өзіндік визит карточкасына айналып келеді. Олар шетелдік қонақтарға қаланың ашықтығын, қонақжайлығын және заманауи келбетін танытады.
Алайда қозғалысты одан әрі дамыту үшін тек волонтерлер санын арттыру жеткіліксіз. Сондықтан Астанада еріктілер жұмысының тиімділігін арттыруға бағытталған жаңа стандарттар қалыптастырылып жатыр.
Негізгі басымдықтардың бірі – волонтерлерді сан жағынан көптеп тартудан олардың дайындығы мен жұмыс сапасына мән беруге көшу. Осы мақсатта кезең-кезеңімен нұсқаулық беру жүйесі енгізіліп, әр іс-шараның ерекшелігіне қарай бірыңғай іс-қимыл алгоритмдері әзірленіп жатыр. Сонымен қатар халықаралық деңгейдегі іс-шараларды ұйымдастыру комитеттерімен байланысты күшейту көзделген.
Бұл тәсіл волонтердің іс-шара басталғанға дейін өзінің нақты міндетін, жауапкершілік аймағын және күтпеген жағдай туындаған кездегі әрекетін алдын ала білуіне мүмкіндік береді.
– Біздің алдымыздағы маңызды міндеттердің бірі – саннан сапаға көшу. Волонтерді іс-шараға шақырумен жұмыс аяқталмайды. Оның нақты міндеті айқындалып, тиісті нұсқаулық беріліп, түрлі жағдайдағы іс-қимыл алгоритмі түсіндірілуі керек. Ұйымдастыру комитеттерімен тығыз байланыс орнату арқылы ғана волонтерлердің әлеуетін толық пайдаланып, олардың жұмысын тиімді ұйымдастыруға болады, – дейді Эльвира Есмұханова.
Бүгінде Астанадағы волонтерлік бір реттік акциялар немесе жекелеген іс-шараларға көмек көрсетумен шектелмейді. Ол тұрғындардың жеке жауапкершілігін, көшбасшылық қасиеттерін және азаматтық кемелдігін қалыптастыратын тұрақты экожүйеге айналып келеді.
Елорда волонтерлері күнделікті қарапайым көмектен бастап, төтенше жағдай кезіндегі қолдауға, экологиялық акциялардан халықаралық деңгейдегі іс-шараларға дейін түрлі міндетті атқарады. Ұйымдастырушылық кедергілерді еңсере отырып, қалалық волонтерлер корпусы бүкіл елдегі азаматтық қоғам институттарының дамуына негіз қалап келеді.
Эльвира Есмұханованың айтуынша, волонтерлік қозғалыстың мәні де осында – үлкен қаланың күші оның инфрақұрылымымен ғана емес, айналасындағы адамдарға көмектесуге дайын тұрғындарымен өлшенеді.