«Заң мен тәртіп» идеологиясын іске асыру аясында елорда прокуратурасы Есіл ауданы Полиция басқармасымен және Мемлекеттік еңбек инспекциясы департаментімен бірлесіп №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханасының ұжымымен кездесу өткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараға 100-ге жуық медицина қызметкері қатысты. Кездесу барысында қатысушыларға интернет-алаяқтық пен дропперліктің алдын алу, құқық бұзушылықтардың профилактикасы және құқықтық сауаттылықты арттыру мәселелері түсіндірілді. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Конституциялық Сотының заңды күшіне енген нормативтік қаулыларының ережелері, сондай-ақ еңбек және әлеуметтік заңнамаға енгізілген соңғы өзгерістер жеткізілді. Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Медицина қызметкерлері өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, қолданыстағы заңнаманы қолдану бойынша практикалық түсіндірмелер алды.
Астана қаласының прокуратурасы азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, құқық бұзушылықтардың алдын алуға және «Заң мен тәртіп» қағидаттарын нығайтуға бағытталған жүйелі жұмысты жалғастырады.