Жақында елордадағы Zialy Urpaq мектебінде Астана Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығымен «Менің таңдауым - түрікше» (Tercihim Türkçe) жобасы аясында ынтымақтастық туралы хаттамаға қол қойылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған мектепте түрік мәдениеті мен түрік тілін танытуға үлес қосатын Мимар Синан атындағы информатика сыныбы, Пири Рейс атындағы география сыныбы және Мұстафа Шоқай атындағы түрік тілі сыныбы жұмыс істейді. Сыныпта шамамен 200 оқушы түрік тілін үйреніп жатыр.

Осы мектептегі жаңа оқу жылының ашылу салтанатына Астана Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының үйлестіруші міндетін атқарушысы Гүлмира Ешманова да қатысты. Гүлмира Ешманова түрік тілін үйреніп жатқан оқушылармен кездесіп, олармен әңгімелесті және түрік тілі сыныптарын аралап көрді.

Мектепте түрік және ағылшын тілдерімен қатар Конфуций Қытай мәдени орталығы тарапынан қытай тілі сабақтары да өткізіледі.
-Оқушылардың түрік тіліне деген қызығушылығы мен қысқа уақыт ішінде көрсеткен жетістіктері бізді ерекше қуантты. Жастардың түрлі тілдер мен мәдениеттерге деген қызығушылығы одан әрі арта берсін деп тілейміз. Жаңа оқу жылы барлық оқушыларға сәттілік пен қуаныш әкелсін!,- дейді орталық өкілі.