NVIDIA компаниясының негізін қалаушы Астанадағы AI Month айлығының арнайы қонағы болады

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы Астанадағы AI Month айлығының арнайы қонағы болады
фото: видеоскрин

NVIDIA компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Дженсен Хуанг біздің шақыруымызбен Қазақстанға алғаш рет келіп, Астанадағы AI Month айлығының арнайы қонағы болады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Astana Hub қолдауымен өтетін AI Month ЖИ мамандарын, әзірлеушілерді, стартаптарды, зерттеушілер мен технологиялық индустрия өкілдерін біріктіреді.

Айлық 23 қыркүйекте әлемдегі ең ірі ЖИ хакатондарының бірі — HackAlem AI-мен басталады. Қатысушылар өз шешімдерін әзірлеп, сынау үшін NVIDIA-ның технологиялық ресурстарын пайдалана алады.

1 қазанда Жасанды интеллект жөніндегі кеңес отырысына NVIDIA-ның ЖИ-ді физикалық модельдеу жөніндегі вице-президенті Рев Лебаредян қатысады. 2–3 қазанда AI & Digital Bridge 2026 халықаралық технологиялық форумы өтеді.

23 қазанда айлық Дженсен Хуангтың қатысуымен қорытындыланады. Халықаралық alem.ai орталығында екеуміз fireside chat форматында ЖИ-дің болашағын, технологиялық үрдістерді, мамандар даярлауды және Орталық Еуразияның мүмкіндіктерін талқылаймыз.

Біздің мақсатымыз Қазақстанды Орталық Еуразиядағы ЖИ таланттары тоғысатын, озық идеялар жаһандық нарыққа шығатын орталыққа айналдыру. Ол үшін Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында мамандар даярлап, технологиялық кәсіпкерлікті қолдап, қажетті инфрақұрылымды дамытып келеміз.

Дженсен Хуанг секілді көшбасшылармен тікелей диалог жас әзірлеушілерге тың мүмкіндіктер ашып, идеяларын нақты өнімге айналдыруға серпін береді.