Халықаралық қарттар күніне орай Астанада жыл сайынғы «Қарттар – біздің қазынамыз» флешмобы өтті. Оған елорданың Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының 100-ге жуық өкілі қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шараны қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы Есіл ауданының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырды.
Флешмоб тек спорттық әрі бұқаралық іс-шара ғана емес, аға буын өкілдеріне құрмет көрсетудің маңызын тағы бір мәрте еске салған мүмкіндік болды. Халықаралық қарттар күні 1 қазанда аталып өтеді. Алайда аға буын өкілдеріне көңіл бөлу, олардың белсенді өмір салтын ұстануына және қоғамдық өмірге араласуына қолдау көрсету күнтізбедегі белгілі бір күнге ғана байланып қалмауы керек.
«Іс-шара жыл сайын өткізіліп, Халықаралық қарттар күніне орай ұйымдастырылады. Оның басты мақсаты – аға буынға құрмет пен көңіл бөлуді көрсету, қарт адамдарға қамқорлық жасаудың маңызын атап өту. Аға буын өкілдерінің құрмет пен алғысқа лайық екенін көрсеткіміз келеді», – деді Спорттық және бұқаралық іс-шараларды өткізу бөлімінің басшысы Алмаз Қазбек.
Айта кетейік, бүгінде Есіл ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының өкілдері түрлі іс-шараларға белсенді қатысады. Спортпен шұғылдану, бірлескен жаттығулар, бұқаралық акциялар мен кездесулер аға буын өкілдеріне әлеуметтік белсенділігін сақтауға, жақсы көңіл-күй мен сергектікті қалыпта ұстауға және қала өмірінің бір бөлігі болып қала беруге мүмкіндік береді.
«Қарттар – біздің қазынамыз» деген флешмобтың атауы оның негізгі мақсатын аңғартады. Қазақ қоғамында үлкендер әрдайым өмірден көргені мол, ақыл-тәжірибесі бар, отбасы мен ұлттық құндылықтарды кейінгі ұрпаққа жеткізетін аға буын ретінде құрметтеледі. Сондықтан мұндай кездесулер қарттардың бірге спортпен айналысуына ғана емес, араласуына, әңгімелесіп, тәжірибе бөлісуіне және әр буынның арасындағы байланысты нығайтуына мүмкіндік береді», – деді Спорттық және бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясының нұсқаушысы, Есіл ауданына жауапты Азамат Байылов.
Музыка ырғағына ілескен аға буын өкілдері қимылдарды қуана қайталап, сергек әрі көтеріңкі көңіл-күйде екенін көрсетті. Әсіресе би бөлімі іс-шараның ең көңілді сәттерінің біріне айналды. Қатысушылар да, көрермендер де күліп, жақсы көңіл-күймен тарқасты.