Елорда мектебінде профилактикалық жобалар таныстырылды

Елорда мектебінде профилактикалық жобалар таныстырылды
фото: polisia.kz

ҚР ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің қызметкерлері "Заң мен тәртіп" жалпыұлттық тұжырымдамасын іске асыру аясында Астана қаласындағы №97 мектеп-гимназиясына барды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Кездесудің негізгі мақсаты – өзара іс-қимылды жолға қою және жастардың құқықтық тәрбиесіне бағытталған мектептің бірегей білім беру жобаларымен танысу. Мектеп әкімшілігі қонақтарға білім беру ұйымына экскурсия ұйымдастырып, оқушылардың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға арналған заманауи инфрақұрылымды таныстырды. Комитет қызметкерлеріне мектеп директорының авторлық жобасы – заң мен әділет қағидаттарын тереңдетіп оқуға арналған арнайы "Әділет мектебі" сыныбы көрсетілді. Мұнда оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған ерекше орта қалыптастырылған.

Сондай-ақ ведомство өкілдері заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған, оқушылар үшін интеллектуалдық және коворкинг орталығына айналған жаңа кітапханамен танысты. Мектептегі тарих және құқықтану кабинетінде мемлекет пен құқық негіздерін терең меңгеруге мүмкіндік беретін заманауи оқу материалдары ұсынылған. Ал сот кабинетінде оқушылар заңгерлік мамандықтың қыр-сырымен тәжірибе жүзінде танысып, сот процестерін модельдей алады.

Сонымен қатар "Шабыт" подкаст жазу кабинетінде оқушылар өз медиаконтентін әзірлеп, "Қауіпті чат", "Кибербуллинг" және басқа да әлеуметтік-құқықтық тақырыптарды талқылап, алған білімдерін құрдастарына жеткізуге мүмкіндік алған. Комитет қызметкерлері мектептің инфрақұрылымы мен басшылықтың авторлық бастамаларына жоғары баға берді. Кездесуге қатысушылар "Әділет мектебі" сыныбы мен медиастудия секілді арнайы алаңдардың "Заң мен Тәртіп" тұжырымдамасын жүзеге асыруға тікелей ықпал ететінін атап өтті. Мұндай бастамалар елордалық оқушылардың құқықтық санасын қалыптастырып, мектеп қабырғасынан бастап кез келген құқық бұзушылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын орнықтыруға мүмкіндік береді. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективаларын айқындап, болашақ заңгер мамандарды даярлауға бағытталған пилоттық жобаларды іске асыру мүмкіндігін талқылады. Бұл бастамаларды кейіннен білім беру жүйесінде кеңінен қолдану көзделіп отыр.