Бас қалада «Таза Қазақстан» экология акциясы аясында жалпықалалық тазалық күні өтті. Елорда әкімдігі таратқан ресми мәлімет бойынша оған 100 мыңнан астам адам қатысты. Бастамаға 2683 кәсіпорын, ұйым мен мекеме қолдау көрсеткен.
Таңертеңнен бастап қала тазалауға бизнес өкілдері, мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, еңбек ұжымдары, жастар мен елорда тұрғындары жұмылды. Олар аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді тазалап, қаланы көгалдандыру жұмысына атсалысып, қоршаған ортаға зор жауапкершілікпен қарайтынын көрсетті.
Экология акциясына 1208 арнайы техника тартылды. Соның нәтижесінде шамамен 230 тонна қоқыс шығарылып, 2150 аула тазартылды. Сондай-ақ 220 саябақ пен гүлзар, 78 тарихи-мәдени ескерткіштер аумағы ретке келтірілді. Тазалық күніне шыққандар аумақтарды тазалаумен қатар ағаш егіп, қоғамдық орындарды абаттандыру жұмысына да өз үлесін қосты. Мұндай акциялар тұрғындар арасында экология мәдениетін қалыптастыруға септігін тигізетіні сөзсіз.
Жалпы алғанда, 11 сәуір мен 16 мамыр аралығында өткен экология айлығына 240 мыңнан астам астаналық, шамамен 12,4 мың кәсіпорын мен ұйымдар қатысты. Осы уақыт аралығында тазалау жұмысына 4700-ден астам арнайы техника жұмылдырылып, 1200 тоннадан астам қоқыс шығарылған. 8540-тан астам аула тазартылып, 1,4 мыңнан астам аялдама павильоны мен 17,1 мың метр көше қоршауы жуылды. Бұдан бөлек, шамамен 30 мың түп жасыл желек егілді. Елордадағы тазалық пен қаланы абаттандыруға бағытталған экология акциясы әлі жалғасуда.
Төлен ТІЛЕУБАЙ