Cкринингтен өту кезінде елордалықтар қандай құқықтарға ие?

Cкринингтен өту кезінде елордалықтар қандай құқықтарға ие?
фото: Астана қаласының әкімдігі

Аурулардың алдын алу мен оларды ерте кезеңде анықтаудың ең тиімді құралдарының бірі – скринингтік зерттеулер. Олар ауруларды дер кезінде анықтауға, емдеуді ерте сатысында бастауға және ауыр асқынулардың даму қаупін төмендетуге мүмкіндік береді. Осы бағытта атқарылып жатқан іс-шаралар туралы елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Мұрат Шәкенов мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Спикердің айтуынша, әрбір азаматтың осы мүмкіндікті пайдалануына жағдай жасау мақсатында мемлекет тарапынан арнайы әлеуметтік кепілдіктер көзделген.
Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы жұмыскерлерге скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс алу құқығын береді.
«Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 23-бабы 2-тармағының 26-1) тармақшасына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерге скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беруге міндетті. Бұл ретте жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) және орташа жалақысы сақталады. Аталған норма ұйымның меншік нысанына қарамастан барлық жұмыс берушілер үшін міндетті болып саналады.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес скринингтік зерттеулерден өту үшін берілетін демалыс әлеуметтік демалыстарға жатады. Жұмыскер күнтізбелік жыл ішінде ұзақтығы үш жұмыс күнінен аспайтын әлеуметтік демалысты пайдалануға құқылы.
Әлеуметтік демалыста болған уақыт толық көлемде еңбек өтіліне есептеледі. Демалыс беру белгіленген тәртіппен жұмыс берушінің тиісті актісімен ресімделеді.

Скринингтік зерттеулер Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасының шеңберінде ұйымдастырылады. Тиісті нысаналы топтарға жататын азаматтар үшін тексерулер тегін жүргізіледі», – дейді Мұрат Шәкенов.

Жұмыс беруші жұмыскердің скринингтік зерттеуден өтуіне қажетті жағдай жасауға міндетті. Скринингтен өту кезеңінде жұмыскер орташа жалақысы сақтала отырып, жұмыстан босатылады.

Жұмыскерлердің әлеуметтік кепілдіктерінің сақталуына қатысты мәселелер Мемлекеттік еңбек инспекциясының тұрақты бақылауында болады.
Азаматтардың өтініштері келіп түскен немесе бақылау іс-шаралары барысында заң бұзушылықтар анықталған жағдайда мемлекеттік еңбек инспекторлары заңнамада көзделген ден қою шараларын қабылдайды.

Жұмыскерлер еңбек құқықтары бұзылған жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдарға жүгінуге құқылы.
Заң бұзушылықтардың алдын алу мақсатында жұмыс берушілерге жұмыскерлерді скринингтік зерттеулерден өту үшін әлеуметтік демалыс алу құқығы туралы уақтылы хабардар ету ұсынылады.

«Еңбек заңнамасы талаптарын сақтау құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, жауапты корпоративтік мәдениеттің қалыптасуына да ықпал етеді. Скринингтік зерттеулерден өту үшін демалыс беру жұмыс берушінің тек формалды міндеті ғана емес, жұмыскерлердің денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды әлеуметтік кепілдік болып табылады.

Профилактикалық тексерулерден уақтылы өту ауруларды ерте анықтауға, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға және кәсіптік тәуекелдер деңгейін төмендетуге ықпал етеді.

Осы саладағы еңбек заңнамасы талаптарын сақтау жұмыскерлер мен жұмыс берушілердің ортақ мүдделеріне сай келеді, қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге, еңбек әлеуетін сақтауға және қоғамдық денсаулықты нығайтуға мүмкіндік береді», – деп департамент басшысы сөзін түйіндеді.