Цифрлық шешімдер – полицияның жаңа келбеті

Цифрлық шешімдер – полицияның жаңа келбеті

Қауіпсіздік ұғымы бүгінде мүлдем жаңа сипатқа ие. Егер бұрын полиция қызметі көбіне қылмыс болғаннан кейінгі әрекетпен шектелсе, қазір басты назар оның алдын алуға, қауіп-қатерді ертерек анықтауға және технологияның көмегімен жедел әрекет етуге аударылып отыр.

Кейінгі кездері елімізде құқық қорғау саласын цифрландыру бағытында ауқымды жұмыс атқарылды. Қазір Қазақстан бойынша 1,3 миллионнан астам бейнебақылау камерасы жұмыс істейді. Оның 313 мыңнан астамы полицияның Жедел басқару орталықтарына қосылған. Ал жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін 19 мыңнан астам камера көлік нөмірлерін анықтап қана қоймай, күдікті әрекеттерді де автоматты түрде тіркеп, полицияға жедел ақпарат береді.

Бұл үрдістен елордамыз да шет қалып отырған жоқ. Астана көшелерінде орнатылған интеллектуалды камералар қоғамдық тәртіпті бақылап, іздеуде жүрген тұлғаларды анықтауға, көлік ағынын қадағалауға және құқық бұзушылықтың алдын алуға мүмкіндік беріп отыр. Қаланың Жедел басқару орталығы барлық ақпаратты бір жерге жинақтап, оқиғаларға барынша жылдам әрекет етуге жағдай жасаған. Осы өзгерістердің алдыңғы шебінде жүрген кәсіби мамандардың бірі – Астана қаласы Полиция департаменті Цифрландыру және жасанды интеллект басқармасы бөлімінің бастығы Жұлдыз Байленова. Оның айтуынша, ол жетекшілік ететін бөлім – цифрлық трансформацияның маңызды тіректерінің бірі. Мұнда деректерді талдау, жасанды интеллект элементтерін енгізу, жедел басқару жүйелерін жетілдіру және қызмет тиімділігін арттыруға бағытталған инновациялық жобалар жүзеге асырылады. Бұл бағыттағы жұмыс оның стратегиялық ойлау қабілетін, технологияға деген қызығушылығын және өзгерістерді басқарудағы тәжірибесін айқын көрсетеді.

Цифрлық трансформацияның ең маңызды бағыттарының бірі – киберқылмысқа қарсы күрес. Өйткені қылмыстың едәуір бөлігі интернет кеңістігіне ауысып барады. Деректерге сүйенсек, Қазақстанда жыл сайын 20 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі тіркеледі, алайда олардың шамамен 80 пайызы әлі де ашылмай қалады. Бұл мәселені Мемлекет басшысы да назарға алып, азаматтардың жеке деректерін қорғауды күшейтуді тапсырған.

Киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстанда 19 миллионнан астам жалған және алаяқтық сайт бұғатталған. Алаяқтар пайдаланған 100 мыңнан астам SIM-карта тәркіленіп, ел ішінде және шетелде жұмыс істеген бірнеше алаяқ call-орталықтардың қызметі тоқтатылды.

Цифрлық технологиялар тек көшедегі қауіпсіздікке ғана емес, полицияның ашықтығына да әсер етеді. Мәселен, Қазақстанның қылмыстық-атқару жүйесінде 40 мың бейнекамера орнатылып, сотталғандардың өтінішін электронды түрде қабылдайтын 600 терминал іске қосылған. Нәтижесінде азаптау фактілері бойынша шағымдар саны бес есеге төмендеп отыр.

Бүгінгі полиция тек тәртіп сақшысы емес. Ол – технологияны меңгерген, деректермен жұмыс істейтін, қауіптің алдын алуға қабілетті заманауи маман. Сондықтан цифрлық шешімдер полицияның жаңа келбетін қалыптастырып қана қоймай, қоғамның қауіпсіздігін қамтамасыз етудің жаңа кезеңін бастап берді.