«Болашақ» халықаралық стипендиясы мен «Ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасы иегерлерінің тізімі жарияланды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Республикалық комиссияның шешімімен 184 Қазақстан азаматы «Болашақ» стипендиясының иегері атанды: 137 азамат магистратурада, 10 азамат докторантурада білім алады, ал 37 маман кәсіби тағылымдамадан өтеді. Сонымен қатар, 51 қазақстандық ғалымға әлемнің жетекші ғылыми-зерттеу орталықтарында ғылыми тағылымдамадан өту мүмкіндігі берілді.
Біз үшін «Болашақ» - шетелде білім алуға мүмкіндік беретін бағдарлама ғана емес. Бұл - адам капиталына және Қазақстан экономикасының болашағына салынған инвестиция.
Біздің міндетіміз - елге озық білім мен құзыреттер аса қажет бағыттар бойынша мамандар даярлау. Атап айтқанда, атом өнеркәсібі, медицина, инженерия, жасанды интеллект, жаңа материалдар, энергетика, биотехнология және басқа да жоғары технологиялық салалар.
Мамандарымыздың елге жай ғана дипломмен емес, жаңа біліммен, технологиялармен және халықаралық тәжірибемен оралғаны маңызды. Олар бұл білімді Қазақстанның дамуына бағыттап, жаңа өндірістер құрып, озық технологияларды енгізіп, болашақтың жаңа салаларын қалыптастыруы керек.
Бізге шетелдік университеттердің жай ғана түлектері емес, Қазақстанның технологиялық және экономикалық дамуына үлес қоса алатын білікті кадрлар қажет.
Барлық стипендия иегерлерін құттықтаймын! Оқуларыңызға сәттілік, жарқын жаңалықтар, мықты кәсіби байланыстар тілеймін. Ең бастысы - жаңа білім мен идеяларды ел игілігіне жарату үшін Қазақстанға аман-есен оралыңыздар!