Астанада 2026-2027 оқу жылына бірінші сыныпқа қабылдау науқаны жалғасып жатыр. Құжат қабылдау 28 мамырда басталып, 31 тамызға дейін жүргізіледі, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қаласы Білім басқармасының мәліметінше, бүгінде 30 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа қабылданды. Жаңа оқу жылы басталғанға дейін елорда мектептерінің табалдырығын 35 мыңға жуық бүлдіршін аттайды деп жоспарланып отыр.
Ата-аналар баласын бірінші сыныпқа қабылдату үшін құжаттарды «электрондық үкімет» порталы – www.egov.kz арқылы электронды түрде тапсыра алады. Сонымен қатар құжаттарды мектепке барып, қағаз түрінде де өткізуге мүмкіндік бар.
Бірінші сыныпқа қабылдау үшін қажетті құжаттар:
* ата-анасының немесе заңды өкілінің өтініші;
* «Профилактикалық екпелер картасы» (№065/у);
* «Бала денсаулығының паспорты» (№052-2/у);
* баланың 3×4 см өлшеміндегі цифрлық фотосуреті.
Құжаттарды қағаз түрінде тапсырған жағдайда ата-анасының немесе заңды өкілінің жеке куәлігінің көшірмесі қоса ұсынылады. Бірінші сыныпқа қабылдау тәртібі бойынша толық ақпаратты ата-аналар тұрғылықты жері бойынша мектептерден немесе электронды порталдардан ала алады. Жаңа оқу жылына дайындық аясында елорда мектептерінде бірінші сыныпқа баратын балаларды қабылдау жұмысы белгіленген мерзімге сәйкес жүргізіліп жатыр.