Бір кеште – үш қойылым

Бір кеште – үш қойылым
фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі

«Астана Балет» театрының сахнасы бір кеште заманауи хореографияның кеңістігіне айналды. Онда бірден үш қойылым – «Love Fear Loss», «Жолдан тайған періштелер» және «BoleroX» ұсынылды.

Кеш бразилиялық хореограф Рикардо Амарантенің «Love Fear Loss» балетімен ашылды. Эдит Пиафтың тағдыры мен шығармашылығынан шабыт алған үш дуэт адамдар арасындағы қарым-қатынасты зерттеудің бір түрі іспетті көрінді. Қойылымның музыкалық бөлігін театр концертмейстері Құралай Канапина аты аңызға айналған француз әншісінің репертуарынан туындыларды фортепианода орындап шықты.

Бағдарламаның екінші нө­мірі бір актілі «Жолдан тайған періштелер» балеті – көрнекті чех хореографы Иржи Килиан­ның ең танымал шығармаларының бірі. «Астана Балет» сахнасындағы қойылымды Стефан Жеромский жүзеге асырды. Спектакльде Стивен Рейхтің Drumming Part 1 музыкасы ерекше орын алады. Шығарманың күрделі ырғақты құрылымы және театрдың симфония оркестрінің перкуссиялық тобының орындауындағы барабандардың виртуозды партиясы хореографиялық көріністің ажырамас бөлшегіне айналды. Музыкалық фразалардың қайталануы, дыбыстың біртіндеп өсуі және қимылдардың дәлдігі сахнада ерекше ырғақты орта қалыптастырды. Онда музыка мен пластика біртұтас дүние ретінде қабылданады.

Кеш шымылдығы «Bolero X» қойылымымен жабылды. Морис Равельдің әйгілі «Болеросы» мұнда мүлдем жаңа пластикалық өлшемге ие болды. Қайталанатын ырғақты сурет және музыкалық шиеленіс біртіндеп күшейіп, ұжымдық импульске айналады. Біреуінің қозғалысы бірте-бірте көпшіліктің қозғалысына айналады, ал даралық жалпы ағынның бөлігін құрайды. Бұл динамикада хореография адам мен топтың өзара әрекеттесуін, жеке бостандықты және біртұтас тұтастықтың бөлігі болуға деген табиғи ұмтылысты зерделейді. «Bolero X» «Астана Балет» театрының симфония оркестрінің сүйемелдеуімен орындалды. Дирижерлік пульт тізгінін театрдың бас дирижері Арман Оразғалиев ұстады.