Балаларға жол қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді

Балаларға жол қауіпсіздігі ережелері түсіндірілді
фото: Асантемір Қаршығаұлы

Астанада бүлдіршіндерге жол қозғалысы ережелерін үйретуге арналған «Жол ережесін білейік!» атты танымдық іс-шара өтті. «Керемет» балабақшасында ұйымдастырылған шараға 2–5 жас аралығындағы тәрбиеленушілер, педагогтер мен арнайы мамандар қатысты.

Іс-шараны «Балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы» мен «Керемет» балабақшасы бірлесіп өткізді. Кездесуге «Алматы» ауданының Патрульдік полиция инспекторлары да қатысып, бүлдіршіндерге көшеде жүрудің негізгі талаптарын түсіндірді.

Балаларға бағдаршамның түстері, жаяу жүргіншілер өткелі мен жол белгілерінің мағынасы таныстырылды. Мамандар жолдан өту кезінде жан-жаққа қарау, белгіленбеген жерден көшені кесіп өтпеу және ересектердің көмегіне жүгіну керектігін айтты.

-    Тақырыпты балалардың жас ерекшелігіне сай меңгерту үшін түрлі ойындар мен танымдық тапсырмалар ұйымдастырылды. Бүлдіршіндер жол белгілерін ажыратып, бағдаршам түстерін атады, сондай-ақ қауіпсіздік ережелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Патрульдік полиция инспекторлары балаларға жолдағы тәртіптің маңызын түсіндіріп, қауіпсіздік ережелерін күнделікті өмірде сақтаудың қажеттігін атап өтті. Балалар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, полиция қызметкерлерімен еркін әңгімелесті, -деді Балаларға қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығының әдіскері Айнұр Әмірханова.  

Шара «Заң мен тәртіп» идеологиясын нығайтуға, балалардың бойында қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жол қауіпсіздігі туралы білімді балаға ерте жастан үйрету маңызды. Себебі көшеде өзін дұрыс ұстау дағдысы баланың қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді.