Елорда күніне орай Бейбітшілік және келісім саябағында «Кішкентай құрылысшылар – үлкен Астана» атты іс-шара өтіп, балалар Астананың басты көрікті орындарының макеттерін көпшілік назарына ұсынды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Балалар өз қолдарымен елорданың басты нысандарының шағын көшірмелерін жасады. Олардың қатарында «Бәйтерек» монументі, Бейбітшілік және келісім сарайы, EXPO көрме кешені, «Нұрлы жол» теміржол вокзалы, Триумф аркасы, сондай-ақ LRT станциялары бар.
Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайбергеннің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – балалардың шығармашылық арқылы елорданың сәулеттік келбетін қалай қабылдайтынын көрсету. Өтінім қабылдау небәрі бес күнге созылғанына қарамастан, байқауға 45 бала қатысуға ниет білдірген. Енді ұйымдастырушылар бұл байқауды дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отыр.
Балалардың макеттер көрмесінен бөлек, қонақтарға спорттық эстафеталар, шеберлік сабақтары, кітап көрмесі, LEGO аймағы, үстел ойындары мен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін Montessori алаңы жұмыс істесе, тұрғындарға әлеуметтік қолдау мәселелері бойынша кеңес беру бұрышы қызмет көрсетті.