Елорда күні қарсаңында Байқоңыр ауданында тағы бір абаттандырылған аула тұрғындар игілігіне берілді. Абай даңғылы, 49 және 51 мекенжайларындағы жалпы аумағы 5 000 шаршы метрді құрайтын аула «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында абаттандырылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Аталған аумақта 1 000-нан астам тұрғын мен балалар тұрады. Жоба аясында тұрғындардың жайлы демалысы мен бос уақытын белсенді өткізуіне арналған заманауи кеңістік қалыптастырылды.
Абаттандыру барысында 2 000 шаршы метрден астам аумаққа асфальт, 1 500 шаршы метр жерге кеспетас төселіп, 1 200 шаршы метр аумаққа қауіпсіз тартан жабыны орнатылды.
Балалар үшін 2 ойын кешені мен 12 ойын элементі, спорт сүйер тұрғындарға арналған workout алаңы және 7 тренажер қойылды. Сонымен қатар аумақта футбол алаңы салынып, тұрғындардың тынығуына арналған 3 демалыс аймағы жасақталды.
Жаңа ауланың ашылу салтанаты тұрғындардың қатысуымен аталып өтті. Мереке аясында тұрғындар аулада кең дастархан жайып, дәстүрлі «Аула күнін» ұйымдастырды. Балалар үшін аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы өткізіліп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Жүргізілген абаттандыру жұмысы нәтижесінде аула барлық жас санатындағы тұрғындарға қолайлы, қауіпсіз әрі жайлы қоғамдық кеңістікке айналды.
Еске сала кетсек, биыл Байқоңыр ауданында жалпы 70 аула аумағын абаттандыру жоспарланған. Оның 20-сы кешенді абаттандырылса, 50-інде жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіледі. Осыған дейін, кешенді абаттандырылған аулалардың 10-ы тұрғындар игілігіне тапсырылды.
Елорда күніне орай тағы 3 аула аумағы мен 2 қоғамдық кеңістік ашылуда.