Астанада бұқаралық спортты дамытуға және тұрғындар арасында белсенді өмір салтын насихаттауға бағытталған AULAFIT әлеуметтік-спорттық жобасының кезекті маусымы аяқталды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жоба биыл 15 маусымда басталды. Маусымнан қыркүйекке дейінгі төрт ай ішінде елорданың алты ауданындағы 30 аула спорт алаңында тұрғындар үшін таңертеңнен кешке дейін тегін жаттығулар ұйымдастырылды.
Биыл жобаға 3 жастан бастап 80 жастан асқанға дейінгі 6800-ден астам елорда тұрғыны қатысты. Жаттығуларды 15 кәсіби жаттықтырушы жүргізді. Олардың бесеуі жоба алғаш қолға алынған кезден бастап, алты жыл бойы AULAFIT аясында тұрақты түрде жұмыс істеп келеді.
Маусымның жабылуына орай балалар мен ересектерге арналған спорттық эстафеталар, түрлі сайыстар, бірлескен жаттығулар және аниматорлардың қатысуымен ойын-сауық бағдарламасы ұйымдастырылды. Сондай-ақ AULAFIT жобасында алты жылдан бері еңбек етіп келе жатқан бес жаттықтырушыға алғыс хаттар табысталды.
Жоба авторы, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев AULAFIT-тың алты жыл ішінде тұрғындарды спортқа баулумен қатар, аула мәдениетін қалыптастырып, түрлі буын өкілдерін бір ортаға біріктіретін жобаға айналғанын атап өтті.
«AULAFIT жобасы алтыншы жыл қатарынан жүзеге асырылып келеді. Ең алдымен, жаттықтырушыларымызға ерекше алғысымды білдіремін. Арамызда жоба басталған күннен бері балалармен, ересектермен және аға буын өкілдерімен тұрақты түрде жұмыс істеп келе жатқан мамандар бар. Олардың еңбегі мен жобаға қосқан үлесі зор. Сондай-ақ бізге сенім білдіріп, жаттығуларға белсенді қатысқан тұрғындарға ризашылығымды білдіремін. Біз үшін AULAFIT тек спортпен айналысатын алаң емес. Мұнда тұрғындар бір-бірімен танысып, араласады, бос уақытын бірге өткізеді және өз ауласының қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Жобаның негізгі мақсатының бірі де осы», — деді Серік Сәпиев.

AULAFIT аясындағы жұмыстар тек спорттық жаттығулармен шектелген жоқ. Маусым бойы әр жастағы қатысушылар қоғамдық бастамаларға да белсенді атсалысты. «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында тұрғындар жаттықтырушылармен бірге сенбіліктерге шығып, өз аулаларын тазалау және абаттандыру жұмыстарына қатысты.
Сонымен қатар жоба аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына да көңіл бөлінді. «Заң және тәртіп» қағидаты аясында аға буын өкілдеріне интернет және телефон алаяқтығының алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Қатысушыларға алаяқтықтың кең таралған түрлері, жеке деректерді қорғау жолдары және қауіпсіздік шаралары туралы ақпарат берілді.
Осылайша, төрт айға созылған AULAFIT маусымы спорттық жаттығулармен қатар, қоғамдық және әлеуметтік бастамаларды да қамтыды. Мыңдаған елорда тұрғыны өз ауласында тегін спортпен шұғылданып, түрлі қоғамдық шараларға қатысуға мүмкіндік алды.

