Аудандық ұйымдар мен мекемелер арасында футболдан турнир өтті

Аудандық ұйымдар мен мекемелер арасында футболдан турнир өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының Сарайшық ауданында Елорда күніне орай аудандық ұйымдар мен мекемелер арасында футболдан тартысты турнир жалауын желбіретті. Бұқаралық спортты дамыту мен достық қарым-қатынасты нығайтуды көздеген бұл шараға жалпы саны 10 команда қатысып, бақ сынасты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Астана қаласының аудандарында мемлекеттік мерекелер мен айтулы даталарға орай бұқаралық спортты дамытуға бағытталған түрлі турнирлер өткізу игі дәстүрге айналған. Бұл жолғы футбол турнирі Сарайшық ауданының ұйымдары мен мемлекеттік мекемелері арасындағы байланысты нығайтудың жаңа форматы ретінде бастау алды.

Мерекелік спорттық іс-шараның маңызы туралы Сарайшық ауданы әкімінің орынбасары Шұғыла Құдайберген мәлімдеді.

«Турнир Астана күнін лайықты атап өтумен қатар, бұқаралық спортты насихаттау және аудандағы түрлі мекеме қызметкерлері арасындағы ынтымақтастық пен әріптестік рухты нығайтуды көздейді. Жарысқа қатысқан 10 команданың қатарында коммуналдық сала мамандары, білім беру және мәдениет мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ құқық қорғау және арнайы орган қызметкерлері бар. Бұл турнир биыл алғаш рет ұйымдастырылып отыр, алайда қатысушылар тарапынан сұраныс жоғары болғандықтан, алдағы уақытта оны дәстүрлі түрде өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді Шұғыла Құдайберген.

Ойын қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубоктар мен демеушілер атынан арнайы бағалы сыйлықтар табысталды. Мекемелер арасындағы сұраныстың жоғары болуы бұл турнирдің алдағы жылдары да жалғасын тауып, ауқымының кеңеюіне негіз болмақ.