Атам мен әжем – мақтанышым

Атам мен әжем – мақтанышым

Әр адамның өмірінде жүрегінің төрінен орын алатын, өмірге бағыт беріп, жанына жылу сыйлайтын қымбат адамдар болады. Мен үшін сондай асыл адамдар – менің әжем ­Хамила Құлбекқызы мен атам Еркін Дәуешұлы. Олар – менің балалық шағымның ең жарық естелігі ғана емес, әулетіміздің абыройы, ұрпаққа үлгі болған өнегелі тұлғалар.

Мен бала кезімнен ата- әжемнің мейірімінде өстім. Әжем Хамила Құлбекқызы – өмірін білім беру саласына арнаған ардақты ұстаз. Математика пәнінен сабақ беріп, талай шәкірттің жүрегіне білімнің шамын жаққан адам. Ол менің де алғашқы ұстаздарымның бірі болды. Бастауыш сыныпта оқып жүргенімде менімен бірге сабақ қарап, әр тапсырманы сабырмен түсіндіріп, білімге деген жауапкершілікті бойыма сіңірді. Оның жанында отырып, мен тек есеп шығаруды ғана емес, еңбекқорлықты, ұқыптылықты, төзімділікті үйрендім.

Әжем жетпіс жастан асқанға дейін мектепте еңбек етіп, ұстаздық жолына адал болды. Оны шәкірттері әлі күнге дейін құрметпен еске алады. Бұл – адамның қызметінің ғана емес, жүрегінің де із қалдырғанының белгісі. Әжемнің «Білім беру ісінің үздігі» атануы, таяуда Қазақстан Респуб­ликасы Президентінің 2026 жылғы 28 мамырдағы Жарлығымен «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілуі – оның көп жылғы еңбегінің лайықты бағасы. Мен үшін әжемнің әр жетістігі – үлкен мақтаныш.

Ал менің атам Еркін Дәуешұлы – мен үшін нағыз үлгі тұтар тұлға. Ол жас кезінде мектеп директоры болып, үлкен жауапкершілікті ерте арқалаған. Өмірінің көп жылын білім беру саласына, ұрпақ тәрбиесіне, елге қызмет етуге арнады. Атам тек басшы ғана емес, психолог, ұстаз, қоғамға ой айта білетін қаламгер. Оның бойындағы парасаттылық, сабырлылық, әділдік пен терең ой мені әрдайым таңғалдырады.

Атам – елге сыйлы, құрметті азамат. Ол зейнетке шықса да, қарап отыр­ған жоқ. Газет-журналдарға мақалалар жазып, қоғамдағы маңызды әлеу­меттік мәселелерді көтеріп келеді. Сонымен қатар естелік кітап жазып, артынан рухани мұра қалдыруда. Оның айғағы туған ауылы туралы, сол ұжымшардың соғыс кезіндегі басқармасының жаланың құрбаны болғанын ақтатуы; жерлес жазушы Жайық Бектұровты еліне таныстырып, Ақкөл қаласындағы өзі іргетасын қалаған қазақ орта мектебіне есімін бергізіп, бір көше Ж. Бектұров аталуына арналған кітабы; Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың ауылын көркейтуге қозғау­шы болып, Ақкөл қаласында сол кісінің атында саябақ ашқызып, үлкен ескерткішін орнатуда сіңірген еңбегі; Жұмабек Тәшеновтің есімін үлкен тарихта қалдыруға атсалысуы. Оның әр мақаласынан елге деген жанашырлық, әр ойынан халыққа қызмет етудің биік үлгісі көрінеді. Атамның Журналистер одағының мүшесі болуы, «Құрмет» орденінің иегері және Ақкөл ауданының құрметті азаматы атануы – оның еңбегі мен беделінің айқын дәлелі.

Мен атамның өмірге деген құштарлығына ерекше сүйсінемін. Көп адам зейнет жасына жеткен соң тыныштықты қалайды, ал менің атам әлі де ізденісте, қозғалыста, еңбекте. Ол таңертең ерте тұрып денешынықтырумен айналысады, скандинавия тая­ғымен жүреді, бассейн мен пляжға барады. Бұл маған үлкен сабақ береді: адам қай жаста болса да, өзін дамытудан, елге пайдалы болудан, өмірге белсенді қараудан тоқтамауы керек. Туған топырағы Амангелді ауылына жанашырлығы.

Ата-әжемнің ең үлкен байлығы – олардың өсірген ұрпағы. Олар алты баланы тәрбиелеп өсірді. Әжем «Күміс алқа» иегері атанып, аналық пен ұстаздық еңбекті қатар алып жүрді. Балаларының әрқайсысы өмірден өз орнын тауып, биік жетістіктерге жетті, елімізге қызмет етіп келеді. Бұл – ата-әжемнің берген тәрбиесінің, отбасындағы береке мен бірліктің, адал еңбек пен дұрыс бағыттың жемісі.

Менің тегім – атамның есімі. Бала кезде мән бермейтінмін, ал қазір түсінемін: бұл маған жауапкершілік те жүктейді. Сондықтан не істесем де, осы атқа лайық болуға тырысамын. Менің әрбір жетістігім, әрбір дұрыс қадамым – ата-әжем берген тәрбиенің жалғасы деп білемін.

Хадиша ЕРКІН,

немересі, мемлекеттік

қызметкер