Қазақстанда елдің саяси өміріндегі маңызды оқиға – Құрылтай сайлауы өтіп жатыр. Сайлау процесінің ашықтығы мен заңдылығын қамтамасыз ету мақсатында Астанаға арнайы халықаралық байқаушылар мен шетелдік сарапшылар келді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Халықаралық сарапшылар тобы елордадағы «Барыс Арена» мұз сарайында орналасқан №225, 493, 494 сайлау учаскелерінің, сондай-ақ Ақмола облысы, Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылындағы №751 сайлау учаскесінің жұмысымен егжей-тегжейлі танысты. Сарапшылар дауыс беру залының жабдықталуын, азаматтардың еркін таңдау жасауына жасалған жағдайды және комиссия мүшелерінің жұмыс сапасын оң бағалады.
Шетелдік сарапшылар арасында Қазақстанға алғаш рет келген Испанияның халықаралық шолушы Альваро Эскалонилла да бар. Ол Құрылтай сайлауының ұйымдастыру деңгейіне жоғары баға берді.
-Бұл – менің Қазақстанға да, Орталық Азияға да алғашқы сапарым. Қазақстан өз мүмкіндіктерін әлемге паш етіп жатыр. Сайлау өтіп жатқан учаскеде шетелдік БАҚ өкілдеріне толық жағдай жасалғаны қуантады, – деді испандық тілші.
Сайлау учаскелеріндегі ашықтық пен саяси реформалардың маңыздылығын Албаниядан келген тәуелсіз сарапшы Редион Лули де растады.
Бұл қадам үкіметтің елді одан әрі демократияландыруға бағыт алғанын дәлелдейді. Заң қабылдау мен шешім шығару процесі енді әлдеқайда тиімді бола түспек. Ал сайлау учаскесіндегі процесс өте ашық, ахуал тыныш, ешқандай заңбұзушылық тіркелген жоқ, – деді тәуелсіз сарапшы.
Сапар барысында №751 сайлау учаскесінің жұмысымен танысқан литвалық журналист Эдгарас Валяцкас еліміздегі оң өзгерістер мен халықаралық ынтымақтастықтың келешегіне тоқталды.
-Қазақстанның бірпалаталы парламентке – Құрылтайға өтуіне келсек, біз соңғы уақытта Қазақстанның әлемге белсенді түрде ашылып жатқанын көріп отырмыз. Меніңше, осы сайлау және жаңадан келетін билік өкілдері бұл дәстүрлерді әрі қарай да сақтайды. Еуропалық елдермен де қарым-қатынас жолға қойылып, экономика дами түседі деп ойлаймын, – деп атап өтті.
Өз кезегінде «Спутник Грузия» медиаресурсының журналисі, саясаттанушы Васо Гапанадзе елордада дауыс берудің ашық әрі демократиялық жағдайда өтіп жатқанын алға тартты.
-Таңертеңнен бері сайлаудың ашық әрі демократиялық ортада өтіп жатқанын көріп отырмыз. Азаматтар өздері дұрыс деп санаған саяси партияға дауыс беру үшін барлық мүмкіндіктерге ие. Бірпалаталы парламентке өту – бұл Қазақстан басшылығы тарапынан жасалған өте пайымды әрі дұрыс қадам. Мұнда спортшылар да, қатардағы азаматтар да келіп, өз таңдауларын жасап жатыр. Барлығы ашықтық жағдайында өтуде, – деді Васо Гапанадзе.
Сайлау учаскелеріндегі ашықтықтан бөлек, халықаралық байқаушылар қазақы қонақжайлылық пен ерекше атмосфераға да назар аударды. Ақмола облысы, Қосшы қаласы, Тайтөбе ауылында орналасқан №751 сайлау учаскесіне халықаралық байқаушыларға бауырсақ пен қымыз ұсынылып, ұлттық астан дәм татқызылды. Бұл жердегі жұмыс барысына Ресей Федерациясы Үкіметінің ресми басылымы «Российская газетаның» шолушысы Игорь Елков та жоғары баға берді.
-Учаскедегі ұйымдастыруға келсек, керемет! Ешкім саған жұмыс істеуге кедергі жасамайды, рахаттанып жұмыс істейсің. Осындай баурап алатын адами қарым-қатынас қатты ұнайды, – деді ол.
Халықаралық сарапшы, Ресейдің «Lenta.ru» порталының редакторы Сергей Болиев тілшілерге берген сұхбатында Қазақстанға жасаған алғашқы сапарынан алған әсерімен бөлісті.
-Мен бұл елге алғаш рет келіп тұрмын, Астана – Қазақстандағы мен аяқ басқан ең алғашқы қала. Мемлекет ретінде де, қоғам ретінде де Қазақстан маған өте жағымды, ыстық әсер қалдырды, – деді ол.
Сонымен қатар, ресейлік сарапшы Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси өзгерістерге, оның ішінде бірпалаталы парламентке – Құрылтайға өту реформасына жоғары баға берді. Оның пікірінше, бұл қадам мемлекеттің жан-жақты дамуына серпін береді.
-Саяси институттар тұрғысынан алғанда, қазіргі реформа елдің әлеуметтік-мәдени, саяси және технологиялық аспектіде ары қарай дамуының басты түйінді қадамы. Ал бүгінгі Құрылтай сауйлауы – Қазақстан қадам басқан осы үлкен жолдың алғашқы баспалдағы, – деді сарапшы.