Астанадағы «Дарын» мектебінде ғылыми кеңес құрылды

Астанадағы «Дарын» мектебінде ғылыми кеңес құрылды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанадағы №82 «Дарын» мамандандырылған мектебінде оқушылардың зерттеушілік қабілетін дамытуға бағытталған Ғылыми кеңес құрылды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жаңа кеңестің негізгі мақсаты – мектепте тұрақты ғылыми-зерттеу ортасын қалыптастыру, педагогтер мен оқушылардың ғылыми әлеуетін арттыру, сондай-ақ сапалы ғылыми жобаларды республикалық және халықаралық деңгейге шығаруға мүмкіндік жасау.

Ғылыми кеңес құрамына мектеп басшылығы, ғылыми хатшы, жоғары оқу орындарының профессорлары мен доценттері, PhD докторлары, ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандары, тәуелсіз сарапшылар, педагог-шеберлер және пәндік бағыттар бойынша тәжірибелі педагогтер енді. Кеңес төрайымы болып мектеп басшысы Нүсіпжан Жеңіскүл тағайындалды.

Ғылыми кеңестің алғашқы отырысында оның құрамы бекітіліп, жұмыс бағыттары айқындалды. Сонымен қатар кеңестің тұжырымдамасы талқыланып, алдағы кезеңге арналған жұмыс жоспары бекітілді.

Жаңа құрылым оқушылардың ғылыми жобаларын сапалы әзірлеуіне, зерттеу дағдыларын қалыптастыруына және ғылыми ізденістерін одан әрі дамытуына әдістемелік қолдау көрсетуге бағытталады. Педагогтер үшін де ғылыми-зерттеу жұмыстарын жетілдіруге және тәжірибелі ғалымдар мен сарапшылардың кәсіби қолдауын алуға мүмкіндік беріледі.