Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру фестивалінің аясында жүректің кенеттен тоқтап қалуы кезінде алғашқы көмек көрсетуге арналған ашық шеберлік сағаты ұйымдастырылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жүрек кенеттен тоқтаған жағдайда әрбір минут шешуші рөл атқарады. Мамандардың мәліметінше, алғашқы 1-2 минут ішінде жүрек-өкпе реанимациясын дер кезінде бастап, автоматты сыртқы дефибрилляторды қолдану жағдайлардың 60 пайыздан астамында адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Сондықтан бүгінде жүрек-өкпе реанимациясының негізгі дағдыларын тек медицина қызметкерлері ғана емес, әрбір азамат меңгеруі маңызды.
Осыған орай Heart Center Foundation қоғамдық қоры елорда тұрғындары мен қонақтарын жүрек-өкпе реанимациясының базалық дағдыларын (Basic Life Support, BLS) тегін үйренуге шақырады. Оған ниет білдірген кез келген адам қатыса алады. Арнайы дайындықтың немесе медициналық білімнің болуы талап етілмейді.
Шеберлік сағаты барысында қатысушылар жүрек кенеттен тоқтаған кездегі алғашқы көмекті көрсетудің заманауи алгоритмдерімен танысады. Basic Life Support (базалық реанимациялық шаралар курсы) бағдарламасы бойынша сертификатталған нұсқаушылардың жетекшілігімен, олар зардап шегушінің жағдайын бағалауды, қан айналымының тоқтау белгілерін анықтауды, жедел медициналық көмек қызметін дұрыс шақыруды, медицина қызметкерлері келгенге дейін жүрек-өкпе реанимациясын жүргізуді және автоматты сыртқы дефибрилляторды пайдалануды үйренеді. Практикалық сабақ теориялық бөліммен қатар арнайы оқу манекендерінде алғашқы көмек көрсету алгоритмдерін пысықтауды қамтиды.
Шеберлік сағаты 8 шілде күні сағат 15:00-де UMC Жүрек орталығында (Тұран көшесі, 38, Үлкен конференц-зал, 1-қабат) өтеді.
Jüregımnıñ Jeñımpazy қайырымдылық жүгіру фестивалінің бағдарламасы аурулардың алдын алу, қан мен ағза донорлығы, алғашқы көмек көрсету және қоғамдық денсаулыққа қатысты өзге де тақырыптарды қамтитын ашық дәрістер мен практикалық сабақтар топтамасынан тұрады. Бағдарламаның мақсаты – сенімді медициналық білімді баршаға қолжетімді етіп, азаматтардың өз денсаулығына және айналасындағылардың денсаулығына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру.