Жастар елорда тұрғындарының елеулі бөлігін құрайды және қаланың қоғамдық өміріне белсенді араласады. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы жүзеге асырып жатқан жобалар мен ақпараттық бастамаларға елордалық жастардың басым бөлігі жұмылдырылған. Жастар күні қарсаңында орталықтың атқарып жатқан жұмысы туралы оның басшысы Шыңғыс Тілеулин айтып берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Жастар арасында сұранысқа ие негізгі бағыттардың қатарында «Замандас 21» коворкингтері, аула клубтары, волонтерлік қызмет, «Жолтап», «Жас жігер», «Үздік» жобалары және студенттік өзін-өзі басқаруды дамыту бар.
Мәселен, «Жолтап» жобасы аясында жастар цифрлық және еңбек дағдыларын меңгере алады. Оқу ұзақтығы екі аптадан екі жарым айға дейін созылады. Қолжетімді бағыттардың қатарында графикалық дизайн, жасанды интеллектпен жұмыс істеу, нейрожелілер арқылы контент жасау, мобилография, таргетинг, маркетплейстерде тауарларды ілгерілету, сондай-ақ тігін ісі мен электргаз дәнекерлеушілерін даярлау бар.
«Жолтап» жобасы аясында қазірдің өзінде 20 мың адам білім алды. Оның 60 пайызы, яғни 12 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты. Сонымен қатар жоба түлектерінің едәуір бөлігі өз кәсібін ашты», – деді Шыңғыс Тлеулин.
Елордада жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға бағытталған «Жастар жалыны» студенттік жобасы да жүзеге асырылып жатыр. Ол елордалық жоғары оқу орындарындағы шығармашыл жастардың басын қосады. Бұдан бөлек, «Замандас 21» коворкингтерінде тегін үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі шығармашылық бағытты қамтиды.
Бүгінде «Замандас 21» орталықтарына шамамен 4 мың тәрбиеленуші барады. Тағы 1,5 мыңға жуық жас аула клубтарындағы шығармашылық үйірмелер мен секцияларға қатысады. Жоғары оқу орындарының 2 мыңға жуық студенті осы бағыттағы бастамаларға атсалысады.
Жастармен жұмыс істеудің тағы бір маңызды бағыты – спорт. Астанада негізінен қаланың шеткі және халық тығыз орналасқан аудандарында орналасқан сегіз аула клубы жұмыс істейді. Мұнда жастар түрлі спорт секцияларына тегін қатыса алады. Қазір грэпплинг, дзюдо, каратэ және басқа да жекпе-жек түрлері ерекше сұранысқа ие. Клуб тәрбиеленушілері қалалық, республикалық және халықаралық жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүр.
Волонтерлік те жастармен жұмыстың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Қалалық волонтерлік штабтың базасында шамамен 8 мың адамның дерегі бар. Жыл сайын волонтерлер қалалық, республикалық және халықаралық деңгейдегі 500-ге жуық іс-шараға қатысады.
Шыңғыс Тілеулиннің айтуынша, «Таза Қазақстан» және «Заң мен тәртіп» бағыттарындағы волонтерлік бастамаларға шамамен 50 мың адам тартылған. Жастар экологиялық акцияларға, абаттандыру жұмысына, ағаш отырғызуға, вандализм мен есірткі жарнамасына қарсы іс-шараларға қатысады.
Төтенше жағдай кезінде волонтерлік ұйымдар да гуманитарлық көмек көрсетеді. Алдағы Құрылтай сайлауына қатысты пікір білдірген Шыңғыс Тілеулин жастардың қоғамдық-саяси үдерістерді сырттай бақылап қана қоймай, партиялардың бағдарламаларын өз бетінше зерделеп, таңдауын саналы түрде жасауы маңызды екенін атап өтті.
«Бүгінде біз Қазақстанның жаңа тарихының қалыптасу кезеңін көріп отырмыз. Әрбір жас осы тарихтың жай ғана куәгері емес, оның белсенді қатысушысы болуы керек», – деп атап өтті ол.
Ол сондай-ақ жаңа Конституцияда волонтерлік қызметті дамытуға және дербес деректерді қорғауға мән берілгенін айтты. Оның пікірінше, волонтерлікті Ата заң деңгейінде бекіту еріктілік мәдениетінің одан әрі дамуына ықпал етуі мүмкін. Ал цифрландыру қарқынды жүріп жатқан қазіргі кезеңде дербес деректерді қорғауды күшейтудің маңызы арта түседі.