Астана қаласында жіті респираторлық вирустық инфекциялар, тұмау және COVID-19 бойынша эпидемиологиялық жағдайға тұрақты мониторинг жүргізілуде. Алдағы эпидемиялық маусымға дайындық аясында инфекциялардың таралуын азайтуға, ауруларды уақтылы анықтауға және халықтың осал топтарын қорғауға бағытталған профилактикалық іс-шаралар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Айгүл Шағалтаеваның айтуынша, 2025–2026 жылдардағы эпидемиялық маусымда, яғни 2025 жылдың 40-аптасынан 2026 жылдың 37-аптасына дейін елордада ЖРВИ-дің 313 173 жағдайы тіркелді. Өткен маусымның сәйкес кезеңінде бұл көрсеткіш 266 792 жағдайды құраған. Науқастардың басым бөлігі — 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың арасында 181 555 жағдай тіркеліп, жалпы сырқаттанушылардың 57,9%-ын құрады.
Осы тұмау маусымының 37-аптасында қалада ЖРВИ-дің 3 973 жағдайы анықталды. Оның ішінде 2 323 жағдай 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркелді. Бұл балалар арасында профилактикалық шараларды күшейтудің және ауру белгілері байқалған кезде медициналық көмекке уақтылы жүгінудің маңызын көрсетеді.
Елордада респираторлық инфекциялардың таралуын бақылау мақсатында сегіз медициналық ұйымның базасында шолғыншы эпидемиологиялық және зертханалық қадағалау жүргізіледі. Бұл жұмысқа №5, №7, №8 емханалар, «Шипагер» отбасылық денсаулық орталығы, №1 және №3 көпбейінді қалалық балалар ауруханалары, көпбейінді медициналық орталық және №3 көпбейінді қалалық аурухана қатысады.
Аталған ұйымдарда жыл бойы тұмауға ұқсас белгілері бар науқастардан іріктеп сынамалар алынады. Оң нәтиже анықталған үлгілердегі вирустарға генетикалық зерттеу — секвенирлеу жүргізіледі. Мұндай бақылау айналымдағы вирустарды анықтауға, олардың ерекшеліктерін зерделеуге және эпидемиологиялық жағдайды бағалауға мүмкіндік береді.
2025–2026 жылдардағы маусымда «Ұлттық сараптама орталығы» ШЖҚ РМК-ның Астана қаласы бойынша филиалы шолғыншы қадағалау аясында 1 687 сынаманы полимеразды тізбекті реакция әдісімен зерттеді. Оның 349-ы тұмауға ұқсас ауру белгілері бар амбулаториялық науқастардан, 1 338-і ауыр жіті респираторлық инфекциямен ауруханаға жатқызылған науқастардан алынған.
Зерттеу нәтижесінде 250 сынамадан тұмау вирусы, тоғыз сынамадан COVID-19 анықталды. Сонымен қатар риновирус, респираторлық-синцитиалды вирус, аденовирус, маусымдық коронавирус, парагрипп, метапневмовирус және бокавирус сияқты өзге де респираторлық вирустар тіркелді. Есепті аптада ауыр жіті респираторлық инфекция белгілерімен ауруханаға түскен 18–19 жастағы екі науқаста A(H1N1)pdm09 тұмауы зертханалық әдіспен расталды.
Алдағы маусымға дайындықтың маңызды бағыттарының бірі — тұмауға қарсы вакцинация. 2026–2027 жылдардағы эпидемиялық маусымға Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы жергілікті бюджет қаражаты есебінен Ресейде өндірілген «ГРИППОЛ +» вакцинасының 165 мың дозасын сатып алды.
Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2026 жылғы 22 тамыздағы №11-ПГСВ қаулысына сәйкес, тұмауға қарсы вакцинацияны 15 қыркүйекте бастау жоспарланған болатын. Алайда ұсынылған мәліметтер бойынша, вакцинаны жеткізудің кешігуіне байланысты екпе науқанының басталу мерзімі кейінге шегерілген.
Жергілікті бюджет есебінен вакцинация алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсететін 41 медициналық ұйымда жүргізіледі. Олардың қатарында емханалар, отбасылық дәрігерлік амбулаториялар, отбасылық денсаулық орталықтары және жеке медициналық ұйымдар бар.
Тұмауға қарсы иммундау кезінде медициналық ұйымдарда диспансерлік бақылауда тұрған балаларға, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, медициналық-әлеуметтік мекемелерде тұратын адамдарға және осы мекемелердің персоналына ерекше назар аударылады. Сондай-ақ эпидемиологиялық көрсетілімдер бойынша вакцинациялау көзделген.
Осы санатқа жүкті әйелдер, медицина қызметкерлері, педагогтер, әскери қызметшілер, жүрек-қантамыр жүйесі мен тыныс алу ағзаларының созылмалы аурулары бар адамдар және 65 жастан асқан азаматтар кіреді. Оларға тұмауға қарсы екпені ерікті негізде алу ұсынылады.
Маусымдық инфекциялардың алдын алу күнделікті сақтық шараларынан басталады. Сырқаттанушылық жоғарылаған кезеңде қоғамдық орындарда маска тағу, адам көп жиналатын жерлерге баруды азайту және науқас адамдармен жақын қарым-қатынасты шектеу маңызды. Қол гигиенасын сақтап, антисептикалық құралдарды қолдануға да көңіл бөлу қажет. Бұл шаралар әсіресе балаларды, егде жастағы адамдарды және созылмалы аурулары бар жандарды қорғауда маңызды.