«Ақ мұнар» спектаклі сахнаға жол тартты

«Ақ мұнар» спектаклі сахнаға жол тартты
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театры көрнекті жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рахымжан Отарбаевтың «Дүние ғайып» повесі желісімен «Ақ мұнар» атты әфсана жанрындағы қойылымының премьерасын ұсынды. Спектакльдің сахналық нұсқасын жасаған және қоюшы режиссері - Нұрлыгүл Ғалымжанқызы. Қойылым «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының мақсат-міндеттерімен үндесе отырып, рухани тазалық пен ізгі ойды насихаттайды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Театрымыздың осы VІІ маусымы ашылар сәтте өнердің өзі сабақтастық, дәстүр жалғастығы арқылы дамиды, өрбиді деген ой келді. Режиссурадағы сабақтастық жаңа есімдер мен режиссура әлеміне қадам басып жатқан жастармен толығу керек. Осыдан бір-екі апта бұрын да театрымызда премьера қойылды. Оны да жас режиссерлеріміздің бірі Ералхан Мырзахмет сахналады. Бұл – Шыңғыс Айтматовтың «Қош бол, Гүлсарысы». Бұл бір жағынан театрымыздың жас режиссерлер лабораториясының бір жемісі деп есептесек болады. Ал Рахымжан Отарбаевтың «Дүние ғайып» деген повесі ерекше туынды. Әсіресе, рухы жағынан, көтеретін өзекті тақырыбы жағынан Шыңғыс Айтматовтың атақты «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет» шығармасымен үндес, рухтас. Оған эстетикасы мен стилі келіңкірейді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» табиғаттың ғана тазалығы емес, адам жанының, санасының экологиясындағы тазалық деп айтты. Сондықтан «Ақ мұнарда» адамның жан тазылығы, ар тазалығы, ой тазалығы, барлығы да ерекше жарасым тапты. Бұл спектакльдің қоюшы режиссері, әрі инсценировка авторы менің шәкіртім Нұрлыгүл Ғалымжанқызы. Біз осы спектакльмен бұйыртса 13-16 қазан аралығында Атырауда өтетін Рахымжан Отарбаев атындағы халықаралық фестивальге қатысайын деп жатырмыз» дейді Музыкалық жас көрермен театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров.        

«Ақ мұнар» спектаклі - қатал табиғат жағдайында өмір үшін күрескен екі эскимостың тағдырын суреттейтін философиялық шығарма. Айнан мен Емрон – Янракыннат мекеніне қарай жолға шығып, сапар барысында ақтүтек боранға ұрынып, бағытынан жаңылады. Олардың шанасын сүйреген иттердің жетекшісі - Ақ ит қатты суық пен ауыр жолға шыдамай қаза табады. Жолда қалған адамдар мен иттердің жағдайы күннен-күнге қиындай түседі. Емрон тірі қалған иттерді аман алып қалу үшін өлген Ақ итті азық ретінде пайдалануды ұсынады. Алайда Айнан бұл әрекетті адамгершілікке жатпайтын қатыгездік деп қабылдайды. Ол Ақ итті құрметпен жерлемейінше немесе ағаш басына байламайынша, бұл жерден кетуден бас тартады.

Осы бір оқиға екі кейіпкердің өмірге, өлімге, табиғатқа және адамдық қасиетке деген көзқарастарының қарама-қайшылығын ашады. Олардың арасындағы тартыс біртіндеп терең философиялық мәселеге айналып, көрерменді адамгершілік пен ар-ождан туралы ойлануға жетелейді. Қойылымда мейірім, жанашырлық, ар, ұят және жауапкершілік сияқты құндылықтардың адам өміріндегі орны сөз болады. Тіршілік үшін күрес кезінде адам өзінің адамдық болмысын сақтап қала ала ма деген маңызды мәселе көтеріледі. Спектакль көрерменді өміршең ойларға жетелейді: адамды жануардан ерекшелейтін сана мен ақыл болса, қазіргі адам өз өмірінде қандай рухани құндылықтарға сүйеніп жүр?!

Ноқтаға басы сыймай кеткен ақын, халық композиторы Иманжүсіп Құтпанұлының «Сарымойын» әнінде:

...Дос болып қастасқаннан сақта, құдай,
Қасқыр да қас қылмайды жолдасына – деген жолдар бар. Қойылымда осы философия да қылаң береді.

Спектакльде бас кейіпкерлерді көрерменге белгілі болып қалған талантты жас актерлер сомдайды. Атап айтқанда, Айнанды – Оразалы Игілік, Емронды – Мұхамедсаид Бағашаров ойнайды. Премьера бүгін кешке де өтеді.

                                                                              Аманғали Қалжанов