Астанада тегін жаттығулар жобасы басталады

Астанада тегін жаттығулар жобасы басталады
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада 1-31 желтоқсан аралығында бұқаралық спортты дамытуға, салауатты өмір салтын насихаттауға және тұрғындардың дене шынықтырумен шұғылдануына қолайлы жағдай жасауға бағытталған WORKOUT WINTER қалалық спорттық жобасы басталады,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жоба аясында 15 жастан бастап елорда тұрғындары үшін жаттықтырушылардың жетекшілігімен воркаут және жалпы дене дайындығы (ЖДД) бойынша тегін жаттығулар ұйымдастырылады.

Жаттығулар қаланың әртүрлі аудандарында орналасқан Underground Big желісінің фитнес-клубтарында өтеді.

«Елорда тұрғындарына қолайлы болу үшін жаттығуларды күндізгі және кешкі уақытта өткізуді қарастырдық. Қатысушылар өздеріне ыңғайлы жаттығу күні мен уақытын, сондай-ақ тұрғылықты жеріне жақын спорт залын таңдай алады. Абонемент сатып алу немесе ақы төлеудің қажеті жоқ. Алдын ала онлайн тіркелу жеткілікті», – деп хабарлады Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы.

Жаттығу кестесі:
* дүйсенбі, сәрсенбі, жұма – сағат 13:00-14:00;
* сейсенбі, бейсенбі, сенбі – сағат 20:30-21:30.
Спорт залдарының мекенжайлары:
* Сарайшық ауданы – Жұмекен Нәжімеденов көшесі, 16;
* Алматы ауданы – Бейімбет Майлин көшесі, 6Б;
* Нұра ауданы – Қайым Мұхамедханов көшесі, 25;
* Нұра ауданы – Тұран даңғылы, 60.

Жобаға қатысу үшін https://swsl.live/ сілтемесі арқылы алдын ала тіркеліп, жаттығуға орын брондау қажет. Тіркелу мәселелері бойынша байланыс телефондары: +7 708 055 87 08; +7 708 388 00 01. Бұл жоба Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының ұйымдастыруымен қолға алынды.