Астанада «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында түнгі клубтар мен ойын-сауық орындарының басшыларына есірткі қылмысының алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жүріп жатыр, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Кездесулерді қаланың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Астана қаласы Полиция департаментінің Есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасымен бірлесіп, «Заң мен тәртіп» марафоны аясында және «Астана – есірткісіз қала» жоспарын іске асыру мақсатында ұйымдастырып отыр.
«Біздің басты міндетіміз – есірткі қылмысын тоқтату ғана емес, ең алдымен олардың алдын алу. Мекеме иелері мен әкімшілігі заңнама талаптарын білуі, психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты кез келген фактіге дер кезінде ден қоюы және келушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін тиісті шаралар қабылдауы қажет. Бұл қалада қауіпсіз орта қалыптастыру үшін маңызды», – деді Астана қаласының Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бас маманы Бауыржан Зайнелов.
Кездесулерде ойын-сауық орындарының өкілдеріне құқық бұзушылықтардың алдын алу шаралары, заңнама талаптарын сақтау қажеттілігі және құқық қорғау органдарымен уақытылы өзара іс-қимыл жасаудың маңызы түсіндіріледі.
Сондай-ақ ойын-сауық орындарының аумағында есірткі заттарын таратуға және қолдануға жол бермеуге, келушілер үшін қауіпсіз жағдай жасауға ерекше назар аударылады.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табады.