Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді

Астанада күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді
фото: Астана қаласының әкімдігі

Күрес түрлерінен жаһандық дода 2026 жылғы 24 қазан мен 1 қараша аралығында елордадағы Barys Arena мұз сарайында ұйымдастырылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Байрақты бәсекеде еркін күрес, грек-рим күресі және әйелдер күресінен 30 салмақта жүлде сарапқа салынады. Әлем чемпионатына жүзден астам елден 900-ге жуық спортшы қатысады деп күтілуде.

Осы орайда жарыстың ресми маскоты ретінде қыран бейнесіндегі Muzbalaq таныстырылды.

Әлем чемпионатының басты ерекшеліктерінің бірі – 18-23 қазан аралығында халықаралық бірлескен оқу-жаттығу жиынының өткізілуі. Бұл жиынға әлемнің 350-ге жуық үздік балуандары қатысып, жарыс алдындағы дайындықтарын пысықтайды.

Сондай-ақ әлем чемпионатының билеттері бүгіннен бастап «Яндекс» қосымшасы арқылы сатылымға шығады.

Еліміздегі ауқымды доданы отандық Qazsport телеарнасы тікелей эфирде ұсынады.